Қазақстан БРИКС Саммиті аясында экологиялық және гуманитарлық басымдықтарын белгіледі

Бразилияда  БРИКС мүше мен серіктес елдері басшыларының 17-ші саммиті өтті. Рио-де-Жанейрода өткен саммитке Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу қатысты . «Қоршаған орта, СОР30, жаһандық денсаулық» сессиясында сөз сөйледі,-деп хабарлайды Bozyq.kz  Қазақстан Республикасы Сырты істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сессия барысында қатысушылар қоршаған ортаны қорғау, БҰҰ Климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясының Тараптар конференциясына (СОР30) дайындық, сондай-ақ жаһандық денсаулық сақтау жүйелерін нығайту мәселелерін талқылады.

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу экожүйелерді сақтау, ормандарды қорғау, Арал теңізін қалпына келтіру және мұздықтардың еру үдерістерін тежеу бойынша бірлескен күш-жігердің маңыздылығына назар аударды.

Климаттық қатерлердің алдын алуға басымдық беру қажеттігін атап өтті. Әлем елдерін  төтенше жағдайларға дайындықты арттыру және көпжақты үйлестіруді күшейтуге шақырды.

Осыған байланысты ол Қазақстанның климаттық мониторинг пен төтенше жағдайларды болжауға арналған ұлттық спутниктік технологияларын пайдалану жөніндегі бастамасын таныстырды.

Министрдің баяндамасында денсаулық сақтау мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Қазақ тарапы мемлекеттерді Алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамыту жөніндегі жаһандық коалицияға қосылуға шақырды. Оның негізі денсаулық сақтау саласындағы маңызды халықаралық құжат – 1978 жылғы Алматы декларациясынан бастау алады.

Қорытындылай келе, Мұрат Нұртілеу: «Елдеріміз табиғи ресурстарға, білімге және әлеуетке бай. Бірақ ең бастысы – бізді ортақ мүдделер біріктіреді. Қазақстан адамзат пен планета игілігі үшін БРИКС-пен серіктестікті нығайтуға дайын. Бірлесе және алдын ала әрекет етейік. Осы орайда Сіздерді 2026 жылы Қазақстан БҰҰ-мен серіктестікте өткізетін Өңірлік экологиялық саммитке қатысуға шақырамын», – деп атап өтті.

Министр сондай-ақ жылы қабылдау, іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастыру және Жаһандық Оңтүстік елдері арасындағы өзара түсіністікті нығайтуға ықпал еткен ашық диалог атмосферасы үшін Бразилия тарапына ризашылығын білдірді.

Саммитқа қатысу аясында Қазақстан СІМ басшысы Түркияның Сыртқы істер министрі Хакан Фиданмен жеке кездесу өткізіп, тараптар екіжақты және көпжақты форматтардағы ынтымақтастықты дамыту жолдарын, сондай-ақ өзара қызығушылық тудыратын басқа да мәселелерді талқылады.

Айта кетейік, Саммитке Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай, Оңтүстік Африка  қатысып,  сондай‑ақ Іран, БАӘ, Индонезия сияқты кеңейтілген BRICS+ елдері де шақырылды.   Бұл  блок құрамында 11 ел бар .

Қазақстан ресми түрде 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап BRICS серіктес мемлекет мәртебесін алды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *