Қозыбаев университетіне Парламент депутаттары сапармен келді

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетіне ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Ольга Перепечина, Әсем Рахметова, Дмитрий Колода және Еркебұлан Мәмбетов жұмыс сапарымен келді.

Халық қалаулылары университет ұжымымен кездесіп, оқу орнының халықаралық әріптестігі, қос дипломды бағдарламалар, ғылыми-инновациялық жобалар және инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жетістіктермен танысты.

Бүгінде Қозыбаев университеті – Қазақстандағы Аризона университетімен (АҚШ) стратегиялық серіктестік орнатқан алғашқы жоғары оқу орындарының бірі. Қазіргі уақытта мұнда биотехнология, инклюзивті білім беру және IT салалары бойынша 3 қос дипломдық, 11 бірлескен бағдарлама жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, медицина мен бизнес бағытында екі жаңа бағдарлама ашу бойынша келісім жасалған. Биыл 30-ға жуық студент білімін АҚШ-та жалғастырса, келер жылы олар қос дипломға ие болмақ.

Кездесу барысында депутаттар университеттің ғылыми әлеуетіне ерекше назар аударды. Бүгінде оқу орнында 25 ғылыми жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның ішінде – фермерлерді отандық бидай мен күріштің жоғары сапалы тұқымымен қамтамасыз ету, қызғалдақ пен Каспий итбалығы сынды биологиялық түрлерді сақтау және ұлттық құндылықтардың геномикасын зерттеу жобалары бар.

Университеттің ірі бастамаларының бірі – Аризона университетінің профессоры Джефри Пьюн жетекшілік ететін ғылыми топпен бірлесіп іске асып жатқан күкіртті полимерлеу жобасы. Бұл – мұнай және газ өндірісінде аз қолданылатын күкіртті қайта өңдеудің тиімді әрі экологиялық жаңа тәсілі.

Сапар аясында депутаттар жаңадан бой көтерген, 1200 орынға арналған студенттік жатақхананы аралап, Coworking орталығында оқытушылар және студенттермен кездесті.

Сонымен қатар, университет Қытайдың Солтүстік-Батыс ауыл және орман шаруашылығы университетімен бірлесіп, ауыл шаруашылығы жануарларының геномдық селекциясы, су ресурстарын тазарту және тиімді пайдалану бағытында жобалар жүргізуде. Бұл бастамалар өңірлік фермерлермен тығыз әріптестік аясында іске асырылып жатыр.

Кездесу соңында депутаттар Қозыбаев университетінің өңірдегі жалғыз жоғары оқу орны екенін атап өтіп, білім ордасына жан-жақты қолдау жалғасатынын жеткізді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *