Биыл Шымкент қаласында балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Жергілікті бюджет есебінен шілде-тамыз айларында 9 693 баланы жазғы сауықтыру лагерьлерімен қамту көзделіп отыр.

Жазғы демалыс әлеуметтік 5 санатқа жататын балаларға арналып ұйымдастырылады. Оларға көпбалалы отбасылардың балалары, аз қамтылған және атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардан шыққан балалар, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, ерекше білім беру қажеттіліктері бар және қиын өмірлік жағдайдағы балалар жатады.
Бүгінде Шымкент қаласындағы балалар өз демалысын табиғат аясында орналасқан арнайы сауықтыру орталықтарында өткізуде. Атап айтқанда, балалар «Машат-Арасан», Бекзат Саттарханов атындағы лагерь, «Қарлығаш», «Үш бұлақ», «Таң-Шолпан», «Көктөбе», «Айсанар» секілді қала сыртындағы лагерьлерде тынығуда. Бұл орталықтар балалардың жан-жақты дамуына, денсаулығын нығайтуға және қызықты әрі мазмұнды демалыс өткізуге барынша қолайлы жағдай жасайды.
2025 жылғы 16 шілдедегі жағдай бойынша 3 131 бала жазғы демалыспен қамтылып үлгерді. Қалған балаларды сауықтыру лагерлеріне жіберу жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасып жатыр. Бұл ретте қала әкімдігі мен білім басқармасы тарапынан үнемі бақылау мен үйлестіру жүргізілуде.
Лагерьлер тек демалыс орны ғана емес, балалардың шығармашылық, зияткерлік және әлеуметтік дағдыларын дамытуға арналған алаң болып табылады. Мұнда балалар әртүрлі тренингтерге, шеберлік сабақтарына, спорттық жарыстар мен ойындарға, сондай-ақ мәдени-танымдық шараларға белсенді қатысады. Осындай ортада балалар ұжымда жұмыс істеуді, достық пен татулықты бағалауды үйреніп, жаңа достар тауып, өз бойларындағы қабілеттерін ашуға мүмкіндік алады.
Жазғы демалысты ұйымдастыруда балалардың қауіпсіздігі бірінші кезекте қарастырылады. Әрбір лагерьде медициналық пункт жұмыс істейді, тәжірибелі медицина қызметкерлері күнделікті тексеріс жүргізеді. Сонымен қатар, балалардың сапалы тамақпен қамтамасыз етілуі, тазалық пен санитарлық талаптардың сақталуы қатаң бақылауға алынған.
Лагерь басшылығы мен тәрбиешілер ұжымы балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру үшін арнайы жоспар бойынша жұмыс істейді. Бұл өз кезегінде балалардың жазғы демалысты пайдалы әрі көңілді өткізуіне ықпал етеді.
Шымкент қаласындағы бұл ауқымды шара – балалардың жазғы мезгілді тиімді әрі пайдалы өткізуіне, денсаулығын нығайтуына және жаңа оқу жылына сергек күйде оралуына зор мүмкіндік береді.