Қазба жұмыстары сақ қоғамының күрделі құрылымын ашты

Тарих тереңіне үңілген сайын ұлттың тамырына деген сүйіспеншілік арта түседі. Осындай тың жаңалықтың бірі – Марғұлан университетінің археологтар тобы мен студенттерінің кезекті ғылыми экспедициясы кезінде тіркелді. 2025 жылдың шілде айында Павлодар облысы, Баянауыл ауданындағы Торайғыр көлінің маңында орналасқан сақ қорғанын қазу барысында сақ дәуіріне тиесілі екі бірдей сирек кездесетін қола пышақ табылды.

Аталмыш зерттеу университеттің жазғы далалық археологиялық тәжірибесі аясында жүргізілді. Қазба жұмыстары кезінде топ мүшелері сақтардың жерлеу рәсіміне тән құрылымдар мен артефактілерді анықтаған. Алайда солардың ішінен ерекше назар аудартқаны — асқан шеберлікпен құйылған, қоладан жасалған екі көне пышақ болды. Бұлар тек тұрмыстық құрал емес, иесінің әлеуметтік мәртебесі мен жауынгерлік рухын білдіретін символ болғаны анық.

Ғалымдардың айтуынша, табылған пышақтар шамамен б.з.д. VIII–V ғасырлар аралығына тиесілі. Қола дәуірінің соңғы кезеңінде жасалған бұл бұйымдар сол заманның металл өңдеу технологиясының жоғары деңгейде болғанын көрсетеді. Қару пішімі, сап пен жүздің симметриясы, сәндік элементтерінің сақталуы – барлығы археологиялық ортада сирек кездесетін ерекшеліктердің бірі болып саналады.

«Бұл — біздің ел тарихында маңызды жаңалық. Пышақтар тек қола дәуірінің үздік үлгісі ғана емес, сонымен қатар көшпелі сақ қоғамының мәдени, рухани және әскери өмірі туралы құнды ақпарат береді. Мұндай артефактілер тарихты қайта сөйлетіп, ұрпақ пен өткеннің арасын жалғайтын алтын көпір бола алады«,- Марғұлан университетінің археология және этнология кафедрасының жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты Ерлан Төлеубекұлы.

Айта кету керек, бұл ғылыми табысқа студенттердің де қосқан үлесі зор. Жазғы археологиялық тәжірибе болашақ тарихшылар мен археологтар үшін нағыз шеберлік мектебіне айналды. Студенттер қазба жұмыстарының барлық кезеңіне қатысып, артефактілерді іздеу, тазарту, құжаттау және сараптау үдерістерін өз көздерімен көріп, іс жүзінде үйренді.

Табылған қола пышақтар қазіргі таңда арнайы ғылыми зерттеуге жіберілді. Жақын арада олар толық реставрацияланып, тарихи құндылығы жоғары экспонат ретінде музейге қойылуы жоспарланып отыр.

Бұл жаңалық қазақ даласының көне өркениеттерге толы екендігін тағы бір мәрте дәлелдеді. Қасиетті Баянауыл топырағынан табылған бұл көне жәдігерлер – ұлы даланың мыңжылдық үнсіздігін бұзып, ата-бабаларымыздың күрескерлік рухы мен шеберлігін паш етіп тұр.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *