Түркі әлемінің киногерлері Стамбұлда бас қосты

Стамбұлда ТҮРКСОЙ бастамасымен құрылған TÜRKFİLM – Түркі әлемі кинематографистерінің одағы аясында маңызды кездесу өтті. Бұл басқосу түркі мемлекеттерінің кино саласындағы жетекшілерін бір үстел басына жинап, ортақ кинокеңістіктің келешегін жан-жақты талқылауға жол ашты. 

Жиын барысында түркі мемлекеттері арасындағы бірлескен киноөндірісті дамыту, халықаралық жобалардың әлеуетін арттыру және саладағы ортақ кедергілер – құқықтық, қаржылық, үйлестіру мәселелері кеңінен сөз болды. Сонымен қатар бірлескен кино жобаларын қолдау мақсатында түркі елдері арасында арнайы келісімдерге қол қою бастамасы ұсынылды. Биыл Қорқыт халықаралық кинофестивалін Қазақстанда, нақтырақ айтқанда Ақтау қаласында өткізу мәселесі де талқылаудан тыс қалған жоқ. Бұл – ел үшін үлкен мәдени мәртебе.

Кездесу аясында Қазақстан киноиндустриясының қазіргі деңгейі мен жетістіктері де таныстырылды. Соңғы алты жылда Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Кино орталығының қолдауымен 117 киножоба жүзеге асты. Оның ішінде 72 көркем, 37 деректі және 8 анимациялық фильм бар. Осы уақыт ішінде отандық туындылар 280-нен астам халықаралық фестивальге қатысып, 157 жүлдеге ие болды. Бұл – тек сандар емес, бұл – еліміздің кино саласындағы кәсіби серпіні мен әлемдік аренадағы абыройының айқын дәлелі.

Бүгінде министр Аида Балаеваның басшылығымен отандық кино жаңа тыныс алып келеді. Кино – бұл тек өнер емес, бұл – халықтар арасындағы сенім мен достықты бекемдейтін, мәдени үндестікті тереңдететін күшті құрал. Сондықтан түркі халықтарының ортақ құндылықтарын, тарихы мен болашаққа деген ұмтылысын кино арқылы көрсету – бауырластықты баянды етудің ең жарқын жолы. TÜRKFİLM осы бағытта тұтас түркі жұртына ортақ рухани көпір болары сөзсіз.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *