Халықаралық су ресурстарын басқару институтының Орталық Азия бойынша аға ғылыми қызметкері Искандар Абдуллаев Қазақстанда қабылданған жаңа Су кодексіне жоғары баға беріп, бұл құжатты өңірдегі елдерге үлгі ретінде ұсынды.

Сарапшының айтуынша, су заңнамасын жаңғырту – уақыт талабы және Қазақстан осы бағытта кешенді әрі озық қадам жасап отыр.
– Жаңа Су кодексі – Қазақстан тәжірибесі мен халықаралық озық практиканы біріктірген маңызды құжат. Онда климаттың өзгеруі мен су ресурстарының қалыптасуындағы өзгерістер ескерілген. Бұл – бүкіл Орталық Азия елдері үшін өз заңнамаларын жетілдіруде жақсы бағдар бола алады. Су саласы үнемі өзгеріп отырады, сондықтан оны басқаруда мықты институционалдық негіз қажет, – деді Халықаралық су ресурстарын басқару институтының Орталық Азия бойынша аға ғылыми қызметкері Искандар Абдуллаев.
Жаңа Су кодексі биыл 10 маусымнан бастап күшіне енгенін еске сала кетейік. Құжатты әзірлеу кезінде Су ресурстары және ирригация министрлігі бес негізгі принципке сүйенді. Олар: суды қоршаған ортаның ажырамас бөлігі, азаматтардың өмір сүру негізі және экономикалық дамудың іргетасы ретінде тану, суды қорғау және оның сарқылуын болдырмау, жерүсті және жерасты суын кешенді пайдалану, су үнемдеу технологияларын енгізу және климаттың өзгеруіне бейімделу, су қорын қорғау мен пайдалануға қоғамды тарту.