ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев өңірлік білім басқармаларына зейнеттегі ұстаздар – Ардагерлер кеңесінің мүшелерімен жүйелі кездесулер ұйымдастыруды тапсырды. Министр бұл қадамның жас педагогтерге тәлімгерлік көрсетіп, кәсіби тәжірибе сабақтастығын нығайтуға, тәрбие жұмысын күшейтуге, сондай-ақ отбасы мен қоғамның бала тәрбиесіндегі рөлін арттыруға қосар үлесі зор екенін атап өтті. «Сіздер отандық білім беру жүйесінің дамуына үлкен үлес қостыңыздар. Ардагер ұстаздар – біздің қазынамыз. Ұзақ жылдар бойы жинақталған тәжірибелеріңіз бүгінгі жас мамандар үшін баға жетпес көмек көзі. Бірлескен күш-жігерімізбен балаларымызға барынша жақсы жағдай жасаймыз деп сенемін», – деді министр.

Осы тапсырма аясында ҚР Оқу-ағарту министрлігі жанындағы Ардагерлер кеңесінің төрағасының орынбасары Қадырбек Бөрібеков Шымкент қаласына келіп, өңірдегі білім беру мекемелерінің қызметкерлерімен кездесті. Кездесу барысында білім сапасын арттыру, мұғалім беделін көтеру, жас мамандарға бағыт-бағдар беру, сондай-ақ мектептердегі тәрбие жұмысының жүйесін күшейту сынды өзекті мәселелер талқыланды. Ардагер ұстаздар өз тәжірибелерімен бөлісіп қана қоймай, саладағы түйткілдерге байланысты нақты сын-пікірлерін және ұсыныстарын да ортаға салды.
Білім саласындағы мәселелер – қоғамның басты назарында. Білімнің сапасы, педагогтердің біліктілігі, білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасы және білім алудағы тең мүмкіндіктер – барлығы қоғам үшін маңызды. Орта білім беру саласындағы басым міндеттердің бірі – білім беру процесінің сапасын арттыру.
Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты 290 орта білім беру ұйымы бар, оның ішінде 162 мемлекеттік және 128 жекеменшік мектеп бар. 2024-2025 оқу жылында 290 мектепте 269 358 оқушы білім алды. Олардың 23 843-і 9-сыныпты, ал 15 639-ы 11-сыныпты аяқтады. «Алтын белгіге» үміткер 670 оқушының 650-і сенімді ақтап, «Алтын белгі» аттестаты мен төсбелгісінің иегері атанды. Сонымен қатар, 1128 оқушы «Үздік» аттестатқа, ал 13 861 оқушы жай үлгідегі аттестатқа ие болды. Өткен оқу жылымен салыстырғанда «Алтын белгі» иегерлерінің саны 4,1 пайызға артты.
«Басқарманың міндеті – педагогтерді аттестаттау комиссиясының әділ, таза әрі аса жауапкершілікпен өткізілуін қамтамасыз ету», – дейді Шымкент қаласы білім басқармасы Әдістемелік орталығының директоры Шолпан Айтбаева.
Бүгінгі білім жүйесінің тірегі – мықты маман, ұлағатты ұстаз. Қаламызда 32 мыңнан астам педагог шәкірт тәрбиелеп, сапалы білім беруге атсалысуда. Қазіргі таңда педагогтердің жалпы сапалық құрамы – 49,29 пайызды құрайды. Сондай-ақ, биыл педагогтерді аттестаттау «ҰСТАЗ» платформасы арқылы 1 тамызға дейін электронды форматта жүзеге асырылады.