Білікті педагог – тұрақты өркендеудің негізі

Қоғам назарында білім саласындағы өзекті мәселелер – білімнің сапасы, педагогтердің біліктілігі, білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасы және білім алудағы тең мүмкіндіктер. Орта білім беру саласындағы басым бағыттардың бірі – білім беру процесінің сапасын арттыру.

Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты 290 орта білім беру ұйымы жұмыс істейді. Оның ішінде мемлекеттік мектептер – 162, жекеменшік мектептер – 128. 2024-2025 оқу жылында қаламыздағы 290 мектепте 269 358 оқушы білім алса, олардың 23 843-і 9-сыныпты аяқтады. Ал 15 639 түлек 11-сыныпты тәмамдап, «Алтын белгіге» үміткер 670 оқушының 650-і сенімді ақтап, «Алтын белгі» аттестаты мен төсбелгісінің иегері атанды. Сонымен қатар, 1128 оқушы «Үздік» аттестатқа, 13 861 оқушы жай үлгідегі аттестатқа ие болды. Өткен оқу жылымен салыстырғанда «Алтын белгі» иегерлерінің саны 4,1 пайызға өскен.

Білім жүйесінің басты тірегі – мықты маман, ұлағатты ұстаз. Қаламызда 32 мыңнан астам педагог шәкірт тәрбиелеп, сапалы білім беруге еңбек етуде. Қазіргі таңда педагогтердің жалпы сапалық құрамы 49,29 пайызды құрайды. Биыл педагогтерді аттестаттау «ҰСТАЗ» платформасы арқылы 1 тамызға дейін электронды форматта өткізіледі.

Сонымен қатар, қала республикалық «1000 көшбасшы» жобасына белсенді қатысуда. Соңғы екі жылда 43 үміткер іріктеліп, оның 26-сы басшылық қызметке тағайындалды.

Биыл 44 директор орынбасары іріктеуден өтуде. Басқарушы кадрлардың әлеуетін арттыру мақсатында жаңа бастамалар қолға алынып отыр. Алғаш рет қалада «Көшбасшы мектебі» жобасын іске қосу жоспарланған. Жоба үш бағытта жүзеге асады: қазіргі директорлардың кәсібилігін арттыру; басшылыққа лайықты, білікті педагогтерді іріктеп, кәсіби дайындыққа баулу арқылы 100 мектеп директорының кадрлық резервін қалыптастыру; сондай-ақ, педагогтер арасынан мектеп директорлары орынбасарларының кадрлық резервін құру. Бұл жүйелі сабақтастық пен үздіксіз кәсіби дамуды қамтамасыз етеді.

Білім беру сапасы тиімді басқаруға, білікті мамандарға және оқыту процесін дұрыс ұйымдастыруға тәуелді. Қазіргі таңда өңірдің орта білім саласында шешуді қажет ететін маңызды мәселелердің бірі – мақсатты мектептер.

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «943 – Елдің мақсатты мектептерін дамыту» жобасы аясында білім сапасы төмен саналатын, С деңгейіндегі 40 мектеп іріктелді. Аталған мектептердегі педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында үш деңгейлі курс ұйымдастырылды. Әсіресе «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының Шымкент қаласындағы филиалы арқылы 3080 мұғалім арнайы курстан өтті. Курстың негізгі кезеңі сәуір-мамыр айларында Педагогикалық шеберлік орталығының базасында өткізілді. Ілгері деңгейдегі оқыту тамыз айынан бастап жалғасады.

Сурет ашық дереккөзден алынды. 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *