Шымкент – еліміздегі қарқынды дамып келе жатқан мегаполистердің бірі. Қаланың өсуі мен кеңеюіне ілесіп, көлік инфрақұрылымына да жаңа талаптар қойылып отыр. Халық саны мен көлік көлемінің артуы, жаңа шағынаудандардың қосылуы – жол желісін жүйелеуді қажет етеді. Осыған байланысты қала билігі соңғы жылдары ауқымды жаңғырту бағдарламасын қолға алған.

2024 жылы басталған кешенді бағдарлама тек жаңа жолдар салу мен көпірлер тұрғызуды ғана емес, аялдамалар мен жаяу жүргінші инфрақұрылымын, қауіпсіздік жүйелерін және көшені жарықтандыруды қамтиды.
Ресми мәліметке сәйкес, 2024 жылдың соңына қарай қаладағы жолдардың 75 пайызы қанағаттанарлық немесе жақсы күйде болған. 2025 жылы бұл көрсеткішті 90 пайызға жеткізу жоспарланған. Негізгі күш – орталық көшелердің жүктемесін азайту мен жолдардың бір-бірімен байланысты жүйесін қалыптастыруға бағытталған.
Көлік ағынын қайта бөлу және қала ішіндегі қозғалысты жеңілдету мақсатында Еңбекші ауданындағы Момынов және Тленшин көшелерінде теміржол өткелдерін салу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жобалар қаланың шығыс бөлігін орталықпен байланыстырады. Момынов көшесіндегі құрылыс 2024 жылдың желтоқсанында басталып, бүгінде жартылай аяқталған.
Сонымен қатар, Қойкелді батыр мен Ақназар хан көшелерінің қиылысындағы апатты көпірге күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Жұмыстар 2025 жылдың соңына дейін толық аяқталады деп күтілуде.
Ең ауқымды жобалардың бірі – Қонаев даңғылының ұзартылуы. Жалпы ұзындығы 16,3 шақырымды құрайтын жол алты кезең бойынша жүзеге асуда. Қазіргі таңда бірнеше бөлігі пайдалануға берілді. Қалған екі кезеңі осы жылы аяқталса, соңғы кезең 2026 жылға жоспарланған. Бұл жаңа даңғыл Республика даңғылының жүктемесін жеңілдетіп, қаладан шығу бағытындағы кептелістерді азайтуға сеп болады.
Тағы бір маңызды бағыт – қала айналасындағы А-2 айналма жолының қайта жаңғыртылуы. Ұзындығы 28,2 шақырымды құрайтын бұл транзиттік дәліз Шымкентті еліміздің басқа өңірлерімен байланыстырып, жүк тасымалдауда шешуші рөл атқарады. Қазірге дейін төрт кезеңі аяқталып, қалған үшеуі 2025 жылы тапсырылады. Жоба толығымен 2026 жылы аяқталады.
Қосымша жоба ретінде Қазиев көшесінің ұзартылуын айтуға болады. Ұзындығы 1,7 шақырым болатын бұл көше Ақжайық және ShymCity шағынаудандарынан альтернативті шығу жолын қамтамасыз етеді.
Жалпы алғанда, 2026 жылға дейін қалада ұзындығы 1000 шақырымнан асатын 850 көшеге асфальт төсеу жоспарланған. Оның ішінде 540 көше биылғы жылы жөнделмек.