Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары ауылшаруашылық саласына тың серпін беретін ерекше жаңалықпен бөлісті. Университеттің химия және органикалық технология саласындағы зерттеушілері фермерлік өнімдерді өңдеуге арналған «Dayar 20» атты мобильді лиофилизациялық қондырғыны жасап шығарды. Бұл – азық-түліктің сапасын жоғалтпай, оны ұзақ мерзімге сақтауға мүмкіндік беретін отандық инновациялық шешім.

Қондырғыны жасаған жоба жетекшісі – PhD, органикалық заттар химиясы және технологиясы кафедрасының аға оқытушысы, дәрілік заттардың органикалық синтезі мен химиясы зертханасының меңгерушісі Ербол Ихсанов. Оның айтуынша, лиофилизация – өнімді -40°С-қа дейін мұздатып, одан кейін вакуумда кептіру арқылы табиғи құрылымы мен құрамын сақтап қалатын заманауи технология.
«Бұл әдіс арқылы кептірілген өнімдердің дәмі, түсі, иісі, пішіні, ең бастысы — дәрумендері сақталады. Мұндай өнімдерді тоңазытқышсыз, бөлме температурасында 1 жылдан 3 жылға дейін, ал арнайы қаптамамен 10 жылдан 50 жылға дейін сақтауға болады», – дейді ғалым.
Фермерге – өрісте, ал тұтынушыға – таза өнім
«Dayar 20» қондырғысының басты артықшылығы – мобильділігі. Құрылғыны тікелей егіс алқаптарына, бау-бақшаға немесе шалғай ауылдарға апарып, өнімді сол жерде өңдеуге болады. Бұл – алыс аймақтардағы фермерлер үшін уақыт пен шығынды үнемдейтін тиімді шешім.
Қондырғы әртүрлі өнім түрлерімен жұмыс істей алады: жеміс-жидек, көкөніс, ет, сүт өнімдері, дайын тағамдар, тіпті балыққа дейін жоғары сапада кептіріледі. Бұл ауылдағы өнімді өңдеудің қолжетімділігі мен тиімділігін арттырып, өнімнің жарамдылық мерзімін ұзартады, әрі экспорттық әлеуетті еселейді.
Азық-түлік қауіпсіздігіне үлес қосатын ғылым
Ғалымдардың айтуынша, бұл жоба Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін жаңғыртуға, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және өңдеу өнеркәсібін технологиялық деңгейге көтеруге нақты жол ашады.
«Бұл қондырғы – тек техникалық жаңалық емес. Ол – фермерлердің еңбек өнімділігін арттырып, ауылдық аймақтардың әлеуетін ашатын үлкен мүмкіндік. Біз бұл арқылы азық-түлік сақтау мен өңдеуде мүлде жаңа кезеңге аяқ бастық», – дейді Ербол Ихсанов.
«Dayar 20» – ғылым мен ауыл шаруашылығының тоғысқан нақты жемісі. Бұл – ҚазҰУ ғалымдарының ауыл еңбеккерлеріне жасаған қолдауы ғана емес, ел экономикасы мен азық-түлік қауіпсіздігіне қосқан сүбелі үлесі.