Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі мен Қытайдың жетекші медициналық техника өндірушісі Mindray корпорациясы елімізде ультрадыбыстық аппараттар өндірісін оқшаулау жөніндегі ауқымды жобаны бастауда.

Жоба аясында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, Mindray компаниясының вице-президенті Kewen Xu және Орталық Азия өңірінің бас директоры Александр Дуан қатысқан кездесуде бірқатар маңызды мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, өндірісті жедел іске қосу, технология трансфері, жергілікті мамандарды оқыту мен тіркеу рәсімдерін жеңілдету күн тәртібіне қойылды.
Бұл жоба қазақстандық клиникалар мен ауруханалар үшін заманауи медициналық жабдықтардың қолжетімділігін арттырады. Сонымен қатар, елімізге жаңа технологиялар мен өндірістік мәдениетті әкеліп, жергілікті инженерлік әлеуетті дамытуға ықпал етеді. Ілеспе өндірістер мен сервистік инфрақұрылым дамып, жаңа жұмыс орындары ашылады.
Кездесу барысында телемедицинаны ілгерілету, автоматты сыртқы дефибрилляторларды орнату жөніндегі қайырымдылық жобасы және мемлекеттік медициналық ұйымдарға жабдықтарды лизинг арқылы беру бағдарламасын енгізу мәселелері де қарастырылды.
«Бұл – жай ғана инвестициялық жоба емес. Бұл – денсаулық сақтау жүйеміздің технологиялық егемендігі мен тұрақты дамуына бағытталған стратегиялық қадам. Біз өзара тиімді серіктестік пен жергілікті өндірісті дамытуды басты басымдық ретінде қарастырамыз», — деді министр Ақмарал Әлназарова.
Қазақстан мен Mindray арасындағы бұл бастама еліміздің өндірістік базасын нығайтып қана қоймай, медициналық технологиялар саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтереді.