Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің археологтары «Ақтөбе-Лаэти» қалашығында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде Алтын Орда дәуіріне жататын күміс ақшаларды тапты.

Көне тиындар XIII ғасырдың екінші жартысында Жошы Ұлысының билеушісі Меңгу-Темір ханның тұсында құйылған.
Археолог Амангелді Мұғауұлының айтуынша, күміс тиынның бір бетінде ханның таңбасы, екінші бетінде қытай иероглифтері бейнеленген. Бұл ерекшелік – тарихи кезеңдегі геосаяси жағдаймен байланысты.
«Ресейлік белгілі нумизмат П.Н. Петров бұл тиындарды жоғары бағалап отыр. Оның пікірінше, монета Шыңғысхан ұрпақтары арасындағы қақтығыстар кезінде қолға түскен тұтқын Номухан есімді ханзаданың есімімен байланысты болуы мүмкін», – дейді археолог.

Тарихшылар үшін күтпеген олжа болған бұл табылымдардың арасында тағы бір құнды жәдігер – «Тағара» ыдысы бүтін күйінде табылған. Бұл – ортағасырлық тұрмыстық мәдениетті зерттеуде ерекше маңызға ие артефакт.
Қазба жұмыстары Атырау облыстық тарихи-мәдени мұраларды зерттеу орталығының тапсырысы негізінде жүргізілуде. Қалашықтың 53 гектар аумағы қоршалып, алдағы жылдары ашық аспан астындағы музейге айналдыру көзделіп отыр.
«Соңғы жылдары Ақтөбе-Лаэти қалашығына ерекше назар аударып келеміз. Бұл – Ұлы Жібек жолының бойындағы ірі сауда-экономикалық орталықтардың бірі болған тарихи мекен», – дейді орталық басшысы Толыбай Достыбаев.
Археологиялық зерттеуге Атырау университетінің тарих мамандығында оқитын студенттері де белсенді түрде қатысып, далалық тәжірибе жинақтауда. Қазба барысында аршылған 500 шаршы метр аумақтағы артефактілер қазіргі уақытта оқу ордасының зертханасында терең зерттеліп жатыр.