Шымкенттегі Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде Түркияның беделді жоғары оқу орындарының бірі – Гази университетінің филиалы ресми түрде ашылады.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркия Республикасына ресми сапары аясында аталған келісім жүзеге асты.
Түркия Республикасының «Жоғары білім туралы» заңының 39-бабына сәйкес Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің базасында Гази университетінің филиалы ашылсын деген ресми шешім қабылданды.
«Қазіргі таңда біздің 12 мыңнан астам студентіміз Түркияда, ал 300 түрік студенті Қазақстанның жоғары оқу орындарында білім алып жатыр. Осыған қолдау көрсеткені үшін Түркия Президенті мен Үкіметіне ризашылығымды білдіремін. Ұзақ жылдан бері Түркістан төрінде Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті табысты жұмыс істеп келеді. Сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің жанынан Түркияның озық білім ошақтарының бірі – Гази университетінің филиалы ашылмақ», – деді Мемлекет басшысы Түркия сапарында.
Гази университеті – Түркияның астанасы Анкара қаласында 1926 жылы құрылған, еліміздегі және халықаралық деңгейдегі жетекші оқу орындарының бірі. Университет білім беру, ғылым, инженерия, медицина, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар секілді көптеген бағыттар бойынша жоғары білікті мамандарды даярлап келеді. Гази университеті ғылыми-инновациялық әлеуетімен, академиялық зерттеулерімен және халықаралық ынтымақтастықтағы белсенділігімен ерекшеленеді.
Осы екі оқу орны арасындағы әріптестік – білім беру мен ғылымдағы трансшекаралық байланыстардың маңызды үлгісі. Екіжақты серіктестіктің аясында ұйымдастырылатын бірлескен конференциялар, семинарлар, студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығы, ғылыми жарияланымдар мен жобалар – мұның барлығы білім саласындағы сапаны арттыруға, жастардың бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға бағытталған.