Шымкент қаласында ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 6506 әскери бөлімінде 1-2025 шақырылым сарбаздарының әскери ант қабылдау салтанатты рәсімі өтті. Іс-шара барысында 400-ге жуық жас сарбаз Қазақстан Республикасының Конституциясына, халқына және Отанына адал қызмет етуге ант берді.

Салтанатқа 1 500-ге жуық қонақ жиналды. Бұл күнгі маңызды сәтті сарбаздармен бірге атап өту үшін елдің түкпір-түкпірінен ата-аналар мен жақындары келді. Олардың қолдауы — сарбаздар үшін ерекше рухани демеу мен патриоттық рухтың белгісіне айналды.
Рәсімді 6506 әскери бөлімінің командирі, полковник Марат Рахпанов ашып, жас сарбаздарды әскери қызметке қабылдануымен құттықтады:
– Бүгін сіздер Отанымыздың толыққанды қорғаушыларына айналдыңыздар. Осы күннен бастап сіздер тек жауапкершілікті ғана емес, сонымен қатар Ұлттық ұлан қатарында қызмет ету мәртебесін де арқалайсыздар. Анттарыңызға әрдайым адал болыңыздар, – деді бөлім командирі.
Іс-шарада ардагерлер мен сарбаздардың ата-аналары да құттықтау сөз сөйлеп, ізгі тілектерін білдірді. Эмоциялық әсерлі сәттердің бірі — сарбаздың ана туралы ән орындауы және жеке құрамның «Мен Қазақпын» патриоттық әнін бірлесе шырқауы болды.
Тараз қаласынан келген жас сарбаз Батырхан Емберген өз әсерімен бөлісті:
– Мен үшін бұл өте маңызды күн. Бала кезімнен әскери форма киіп, еліме қызмет етуді армандадым. Енді сол арманым орындалып отыр. Біз артылған сенімді ақтаймыз, – деді ол.
Салтанатты бөлім жас сарбаздардың әскери шерумен өтуімен аяқталды. Кейін оларға ата-аналарымен бірге қалада серуендеуге мүмкіндік берілді.
Айта кетейік, осы күні Шымкенттегі ҚР Ұлттық ұланының 6698 әскери бөлімінде де ант беру рәсімі өтті. Мұнда 150 сарбаз Қазақстанға адал қызмет етуге ант беріп, жас ұрпақтың патриоттық рухының жоғары деңгейін паш етті.