Шымкент қаласының аумағында «Таза қала» атауымен жалпықалалық сенбілік ұйымдастырылды. Аталған іс-шара санитарлық тазалықты қамтамасыз ету, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және қаланы абаттандыру мақсатында өткізілді.

Сенбілікке қала әкімдігінің басқармалары мен құрылымдық бөлімшелерінің қызметкерлері, аудан әкімдіктерінің мамандары, коммуналдық қызмет өкілдері, еріктілер мен қала тұрғындары белсене қатысты. Шара барысында аулалар мен көшелер, саябақтар мен өзен жағалаулары тұрмыстық қалдықтардан тазартылып, қураған ағаштар мен бұтақтар кесілді, шөп шабу және абаттандыру жұмыстары жүргізілді.
— Осындай сенбіліктердің ұйымдастырылғанына өте қуаныштымын. «Таза қала» — бұл жай ғана атау емес, бұл әрқайсымыздың өмір салтымызға айналуы тиіс ұстаным. Бүгін мен отбасыммен бірге өз ауламызды, көше бойын тазалауға қатыстым. Қаланың көркі тек әкімдікке емес, әрбір тұрғынға байланысты, — дейді қала тұрғыны Берік Жұманов.
Қаратау ауданы аумағында 440 қызметкер мен 25 арнайы техника жұмылдырылып, нәтижесінде 46,9 тонна қоқыс шығарылды. Бұл жұмыстарға 240 адам мен коммуналдық қызмет жұмысшылары тартылды.
Еңбекші ауданындағы тазалық жұмыстарына 400-ден астам адам мен 33 техника қатысып, кең көлемді санитарлық жұмыстар жүргізілді. Ал Абай ауданында 500-ге жуық адам мен 15 техника жұмылдырылып, қураған бұтақтарды кесу, шөп шабу, көшелерді тазалау секілді жұмыстар ұйымдастырылды.
Аталған шара «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бұл бастама қала тұрғындарының санитарлық-экологиялық мәдениетін арттыруға, сондай-ақ Шымкент қаласының көркеюіне оң ықпал етуде.
Қаланың тазалығы – баршаға ортақ жауапкершілік. Сенбілікке қатысқан ардагерлер, жастар және белсенді азаматтар бұл бастамаға үнемі қолдау білдіріп келеді. Мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.