Шымкент қаласы тағы бір мәрте әлемдік деңгейдегі спорттық іс-шараның орталығына айналды. 16-30 тамыз аралығында “Shymkent Shooting Plaza” кешенінде спорттық ату түрлерінен халықаралық чемпионат бастау алды. Ауқымды додаға 27 елден 800-ге жуық спортшы қатысуда. Олар тапанша, мылтық, қозғалмалы нысана, стендтік ату, трап, скит және скит-микс сынды бағыттар бойынша сынға түседі.

Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков ҚР Бас Прокуроры — Қазақстан спорттық ату федерациясының президенті Берік Асыловпен, сондай-ақ ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекпен, ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Руслан Есеналинмен бірге осы ауқымды спорттық іс-шараның ашылу салтанатына қатысты.
Бұл жарыс екі олимпиадалық спорт түрін қамтиды: нысана көздеу және стенд ату. Аталған спорт түрлері олимпиада ойындарының бағдарламасына енген, сондықтан бұл чемпионат халықаралық деңгейдегі ірі дайындық алаңы ретінде де маңызға ие.
– Халықаралық жарыстың дәл Шымкент қаласында өтуі – бұл біздің мегаполистің спорттық әлеуетін көрсететін үлкен көрсеткіш. Жарыстың жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан спорт федерацияларына, ұйымдастырушыларға, төрешілер мен еріктілерге алғысымды білдіремін. Барлық спортшыларға сәттілік тілеймін, – деді қала басшысы.
Чемпионаттың беделін арттыра түскен факторлардың бірі – әлемдік спорт қауымдастығы өкілдерінің қатысуы. Атап айтқанда, ашылу рәсіміне Халықаралық спорттық ату федерациясының президенті Лучано Росси, Азия ату конфедерациясының басшысы шейх Салман Сабах әл-Салем ас-Сабах, сондай-ақ басқа да әлемдік спорт ұйымдарының жоғары лауазымды тұлғалары қатысты. Мұндай ірі спорт қайраткерлерінің қатысуы жарыстың халықаралық деңгейдегі маңызын арттырып отыр.