Президент Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековті қабылдады

Мемлекет басшысына қаланың биылғы бірінші жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық дамуы жайында есеп берілді. Жыл басынан бері негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 31 пайызға ұлғайып, 360 миллиард теңгені құрағанын жеткізді.

Өнеркәсіп саласында жалпы құны 680 миллиард теңге болатын өнім өндірілген. Құрылыс қарқыны күшейіп, 517 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді.

Шымкенттің өнеркәсіптік әлеуетін арттыру мақсатында «Жұлдыз» және «Бозарық» жаңа индустриялық аймақтары іске қосылды.

Мегаполисте шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 139 мыңнан асты. Бұл секторда 245 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған.

Қала инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары да қарқын алуда. Жаңа әуежай терминалы салынып, теміржол вокзалы қайта жаңғыртудан өтті. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 12 мектеп пен Оқушылар сарайы пайдалануға берілді. Сонымен қатар шағын футбол орталығы мен спорт кешені бой көтерді.

Жол-көлік инфрақұрылымын дамыту шеңберінде Оңтүстік айналма жолы және екі ірі жолайрық пайдалануға берілді. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында былтыр — 2 270, биыл — 2 743 көше жарықтандырылған.

Президент тапсырмасына сәйкес, активтерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жалғасуда. Осы бағытта Мұз сарайы, Орталық су спорты кешені, №2 қалалық емхана, «Қиял әлемі» технопаркі мен «Кең баба» саябағы мемлекет меншігіне қайтарылды.

Мемлекет басшысы қала экономикасын одан әрі әртараптандыру, қосымша инвестиция тарту, шағын және орта бизнесті қолдау, әуежайға жаңа ұшу-қону жолағын төсеу, мектептердегі орын тапшылығын шешу, тұрғындарды баспанамен қамту, сондай-ақ жол инфрақұрылымын жаңғырту бағытында нақты міндеттер жүктеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *