Шымкентте жаңа экокешен күзде ашылады

Шымкент қаласында табиғат аясындағы жаңа демалыс орны — «OMIR SHYMKENT» экологиялық-туристік кешені жақын арада пайдалануға берілмек. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков «Бадам» су қоймасы маңында орналасқан кешеннің құрылыс алаңында болып, жобаның жүзеге асу барысымен танысты.

Ауқымды жоба — табиғатты сақтай отырып, заманауи демалыс инфрақұрылымын қалыптастыруға бағытталған. Бұл бастама Шымкенттің туристік әлеуетін арттырумен қатар, қала тұрғындары мен қонақтары үшін экологиялық талаптарға сай, қауіпсіз әрі жайлы тынығу аймағын ұсынуды көздейді.

Құрылыс алаңын аралау барысында кешен басшылығы әкімге атқарылып жатқан жұмыстар жайында жан-жақты ақпарат беріп, жобаның қазіргі қарқыны мен алдағы жоспарлары туралы баяндады. Жоба авторларының айтуынша, кешен құрылысында экологиялық стандарттар қатаң сақталуда. Табиғи ландшафт пен жасыл желекке зиян келтірмей, инфрақұрылым элементтері экоталаптарға сай салынуда.

«OMIR SHYMKENT» кешенінің ерекшелігі — бұл тек демалыс орны ғана емес, сонымен қатар қоршаған ортаны қорғау мен тұрақты туризмді дамытуға арналған үлгі алаңы. Мұнда келушілер табиғатпен үйлесім тапқан тыныш әрі таза атмосферада уақыт өткізе алады. Жобада отбасылық демалысқа арналған аймақтар, спорттық және серуендеу жолдары, балалар алаңдары, жағажай аумақтары мен тамақтану орындары қарастырылған.

Сондай-ақ, кешенде қауіпсіздік мәселесіне ерекше мән берілуде. Демалушылардың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бейнебақылау жүйелері, апаттық қызмет пункттері және ақпараттық бағыттау белгілері орнатылады.

Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Инвесторлар мен құрылыс ұйымдары алғашқы кезеңді биылғы 2025 жылдың күзіне дейін аяқтап, кешеннің алғашқы нысандарын пайдалануға беруді жоспарлап отыр.

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков өз кезегінде аталған жобаның қала экожүйесіне зиян келтірмей, керісінше, оны қорғауға және дамытуға бағытталғанына назар аударып, мұндай бастамаларға әкімдік тарапынан қолдау жалғасатынын атап өтті.

Біз туризмді дамытуда тек экономикалық пайдаға емес, ең алдымен қоршаған ортаның жағдайына назар аударуымыз қажет. «OMIR SHYMKENT» кешені — осы талаптарға сай үлгілі жоба. Бұл кешен шымкенттіктер мен қонақтар үшін жаңа экологиялық мәдениеттің қалыптасуына оң ықпал етеді.

Жалпы, соңғы жылдары Шымкент қаласында экологиялық туризмге баса назар аударылып келеді. Табиғи аумақтарды сақтау, оларды инфрақұрылыммен ұштастыра отырып дамыту, халыққа сапалы демалыс қызметін ұсыну — қала саясатының маңызды бағыттарының бірі. Ал «OMIR SHYMKENT» жобасы — осы бағыттағы тағы бір маңызды қадам болмақ.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *