Жаңа қуат көздері іске қосылып инфрақұрылым жаңартылып жатыр

Еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы Жолдауында айтылған маңызды басымдықтардың бірі. Осы тапсырмаға сәйкес республикада отын-энергетика кешенін кешенді жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.

Саладағы басты мақсат – энергетикалық тәуелсіздікке қол жеткізу және экономика қажеттіліктерін толық қамтамасыз ету. Осыған орай, 2029 жылға дейін кемінде 14 гигаватт жаңа электр қуатын іске қосу жоспарланған.

2023–2024 жылдар аралығында 1,3 ГВт жаңа қуат іске қосылды. 2025 жылы тағы 621,5 мегаватт, ал 2026 жылы 2 648,5 мегаватт қуат өндіріске беріледі.

Ірі жобалар қатарында Түркістан облысындағы 1000 МВт бу-газ стансасы мен Қызылордадағы 240 МВт ЖЭО құрылысы бар.

Энергетика инфрақұрылымындағы тозу деңгейін төмендету – Үкімет бақылауындағы маңызды мәселе. Қазіргі таңда ЖЭО-ларды жаңғырту бойынша кешенді жөндеу жұмыстары жалғасуда. Биыл 10 энергоблок, 63 қазандық пен 39 турбина күрделі жөндеуден өтеді.

Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде ЖЭО-лардың орташа тозуы 64%-дан 61%-ға дейін төмендеді. Апат қаупі жоғары «қызыл» аймақта тұрған 9 ЖЭО «сары» аймаққа, ал 3 ЖЭО «жасыл» аймаққа өтті.

2024 жылғы желтоқсанда Үкімет «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын бекітті. Жоба аясында жылу, су, кәріз және электр желілерін кең көлемде жаңарту көзделген. Жалпы, 86 мың шақырым инженерлік желі жаңартылып, апаттар саны 27%-ға қысқарады деп күтілуде.

Сондай-ақ 55 электр станциясының 19-ы 65%-дан астам тозғаны белгілі болды. Электр энергиясын тұтыну 113 млрд кВт/сағ-тан асып, өндіру көлемі сұранысты толық жаппай отыр. Бұл мәселені шешу үшін 6,2 трлн теңге инвестиция тартылады.

Жалпы, энергетика мен коммуналдық секторды жаңғыртуға 13 трлн теңге инвестиция тарту қажет. Қаражаттың негізгі бөлігі екінші деңгейлі банктер, халықаралық қаржы ұйымдары мен жеке инвесторлар есебінен қамтамасыз етіледі.

Жаңғырту барысында отандық өндіріс өнімдері кеңінен қолданылатын болады. Бұл бағытта 27 жаңа өндіріс орны ашылып, 3,5 мың жұмыс орны құрылмақ. Жергілікті өндірушілердің тауар көлемі 4,4 трлн теңгені құрайды.

Әлеуметтік осал топтарды қолдау мақсатында коммуналдық қызмет ақысын өтеуге атаулы әлеуметтік көмек қарастырылған. Сонымен қатар тарифтердің тұрақтылығын сақтау үшін жаңа тарифтік әдістеме енгізіліп, инвестиция қайтарымын қамтамасыз ету тетіктері жетілдірілді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *