Бүгін Шымкент қаласында «Таза Қазақстан» ұлттық акциясы аясында кең ауқымды жалпықалалық сенбілік өтті. Экологиялық сипаттағы ауқымды шараға қала тұрғындары белсене атсалысып, қоршаған ортаны қорғауға және абаттандыруға өз үлестерін қосты.

Сенбілікке барлығы 3 755 адам қатысып, 136 бірлік арнайы техника жұмылдырылды. Қаланың барлық аудандарында өткен тазалық жұмыстарының нәтижесінде жалпы көлемі 172 тонна тұрмыстық және құрылыс қалдықтары арнайы полигондарға шығарылды.
Абай ауданы – 445 адам, 16 техника, 28 тонна қоқыс шығарылды;
Әл-Фараби ауданы – 499 адам, 30 техника, 41,7 тонна қоқыс тазартылды;
Еңбекші ауданы – 1532 адам, 33 техника, 15,7 тонна қоқыс жиналды;
Қаратау ауданы – 704 адам, 25 техника, 42,1 тонна қоқыс шығарылды;
Тұран ауданы – 575 адам, 32 техника, 44,5 тонна қоқыс тасымалданды.
Сенбілік аясында қатысушылар тек қоқыс жинаумен шектеліп қойған жоқ. Олар көше бойларындағы, аулалар мен қоғамдық орындардағы қураған ағаштар мен бұталарды кесіп, шөп шауып, жасыл желектерді қалыпқа келтірді. Сонымен қатар, ағаштарды әктеу, аулаларды абаттандыру, гүлзарлар мен жасыл аймақтарды көгалдандыру жұмыстары да қарқынды жүргізілді.
Игі іске түрлі сала өкілдері – мемлекеттік қызметкерлер, мұғалімдер, дәрігерлер, студенттер, кәсіпкерлер мен қарапайым тұрғындар жұмыла қатысты. Бұл сенбілік шымкенттіктер үшін қоршаған ортаны таза ұстауға деген жауапкершіліктің ғана емес, сондай-ақ ортақ іске деген бірлік пен ұйымшылдықтың айқын көрінісіне айналды.
– Біз отбасымызбен қатыстық. Балаларымызға тазалық әр адамның өзінен басталатынын іс жүзінде көрсеткіміз келді, – деді Қаратау ауданының тұрғыны.
– Студенттермен, дәрігерлермен, мұғалімдермен және көршілерімізбен қатар жұмыс істегенде, бұл ортақ істің бізді біріктіретінін түсінесің, – деп қосты сенбілікке қатысушылардың бірі.
«Таза Қазақстан» акциясы – еліміз бойынша экологиялық мәдениетті дамытуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі. Бұл шара Шымкент қаласының 2029 жылға дейінгі кезеңге арналған «Таза Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі кешенді жоспары аясында өткізіліп отыр.
Бағдарламаның негізгі мақсаты – қала аумағында тұрақты экологиялық тепе-теңдікті сақтау, санитарлық жағдайды жақсарту, тұрғындардың экологиялық санасын көтеру және қоғамда қоршаған ортаға деген жауапты көзқарасты қалыптастыру.
Жергілікті әкімдік өкілдерінің айтуынша, бұндай акциялар жүйелі түрде әрі маусым сайын өткізілмек. Бұл бағытта алдағы уақытта тұрғындармен бірлескен экологиялық жобалар, білім беру мекемелерінде арнайы экосағаттар мен флешмобтар ұйымдастыру жоспарланып отыр.