Жаңа оқу жылы қарсаңында Шымкент қаласында тың жаңалық жарияланды. Қаладағы Президент резиденциясы енді дарынды балаларға арналған заманауи лагерь ретінде жұмыс істейді. Еліміздің болашағы саналатын талантты жастар — олимпиада жеңімпаздары, өнертапқыштар, ғылым мен мәдениет салаларында жетістікке жеткен оқушылар — осы орында арнайы бағдарлама бойынша тәрбиеленіп, дамуға мүмкіндік алады.

Биылғы кеңес «Білім келешегі: Адал азамат – кәсіби маман» тақырыбында өтті. Шара барысында ұстаздар қауымы мен білім беру саласының басшылары жаңа оқу жылындағы басты бағыттармен танысып, тәжірибе алмасты.
— Нағыз кәсіби мұғалім шәкіртінен әрдайым бір емес, мың қадам алда болуы тиіс. Оның берері көп, дамуға жетелер күші зор болуы керек. Қай кезде де өзі де кәсіби тұрғыда дамып отырмаса, шәкіртін жетелей алмайды, — деді «Ы.Алтынсарин» атындағы төсбелгі иегері Ұлған Мәмешова.
Жаңа оқу жылында Шымкенттегі мектептерде 397 мыңнан астам оқушы білім алмақ. Оқушылар үшін қолайлы орта қалыптастыру мақсатында биыл 10 мектепке күрделі жөндеу жүргізілген. Сонымен қатар, 6 жаңа білім нысанының құрылысы жүріп жатыр.
Жиында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен қала әкімі Ғабит Сыздықбеков мектептердегі тәрбие жұмысы «Адал азамат» бағдарламасы аясында жүргізілетінін атап өтті.
— Мемлекет білім саласына ерекше назар аударып келеді. Соңғы 4 жыл ішінде мұғалімдердің жалақысы 2 есеге өсті. Қала бюджетінің 37 пайызы білім саласына бағытталып отыр. Соңғы екі жылда 39 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Апатты және үш ауысымды мектеп мәселесі толығымен шешімін тапты, — деді қала әкімі Ғабит Сыздықбеков.
Конференция аясында цифрлық білім беру жобаларының көрмесі ұйымдастырылып, бірқатар инновациялық бастамалар таныстырылды. Атап айтқанда, «Білімнің жаңа көкжиегі», «Жасанды интеллект: Ақылды дәуірге қадам», «Кәсіби бағыт – сенімді таңдау» тақырыптарында мазмұнды көрмелер өтті.
— «Bilim App» платформасын жоғары білікті докторанттар мен «Болашақ» бағдарламасының стипендиаттары дайындады. Бұл платформа Оқу-ағарту министрлігінің барлық нормативтеріне толық сай келеді. Оқушы да, мұғалім де білімге қатысты кез келген ақпаратты оңай таба алады, — дейді жобаның үйлестірушісі Ерасыл Анарханұлы.
Тамыз кеңесі секциялық жиындармен жалғасып, білім саласының мамандары «Мектепішілік басқару», «Саланы цифрландыру», «Сапаны арттыру» сынды маңызды бағыттарда баяндама жасап, пікір алмасты.
Мерекелік жиын барысында 31 педагогке құрмет көрсетілді. Білім саласының дамуына сүбелі үлес қосқан ұстаздар «Алтынсарин» төсбелгісімен, «Парасат», «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен марапатталды.