Татулық пен достық – ең құнды қазына

Қоғамның тыныштығы мен мемлекеттің тұрақты дамуы – татулық пен достықтың нәтижесі. Бұл – ежелден халқымыздың өмір сүру салтына айналған, сан ғасырлар бойы қалыптасқан рухани байлық. Қазақ халқы қай заманда да бірлік пен ынтымақты бәрінен биік қойған. «Бірлік бар жерде – тірлік бар», «Татулық – тамырын тереңге жайған ағаштай» деп халқымыз бекер айтпаған.

Татулық – береке мен бірліктің бастауы. Ал достық – әртүрлі ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына біріктіретін, қоғамды ұйыстырып, елдің іргесін нығайтатын қасиетті құндылық. Ұлт пен ұлыс ортақ мақсатқа жұмылғанда, жүректер бір арнада соққанда – ондай елдің болашағы жарқын, іргесі берік болары сөзсіз.

Бүгінде Қазақстан – бейбітшілік пен келісімнің, достық пен өзара сыйластықтың нақты үлгісін көрсетіп отырған ел.

Бүгінде елімізде 130-дан астам ұлт пен этнос өкілі тату-тәтті өмір сүріп келеді. Түрлі мәдениет пен салт-дәстүр тоғысқан ортада өзара құрмет пен сенім салтанат құрып, бірлік пен келісім қоғамның темірқазығына айналды.

Мемлекетімізде этносаралық және конфессияаралық келісімді сақтау – басты басымдықтардың бірі. Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысы, достық үйлері, түрлі этномәдени бірлестіктердің белсенділігі – соның айқын көрінісі. Бұл құрылымдардың мақсаты – ұлтаралық татулықты сақтау ғана емес, өзара түсіністік пен мәдени байланысты арттыру.

Еліміздің басты мұраты – ішкі тұрақтылықты сақтау, бейбіт өмірді нығайту және көпұлтты қоғамда достықты дәріптеу. Себебі тек татулық үстемдік еткен ортада ғана даму мен өркендеу болады. Ал даму бар жерде – жарқын болашақ бар. Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері де осы ішкі бірлік пен достықтың арқасында жүзеге асты.

Бүгінгі Қазақстан – бірлік пен ынтымақты ту еткен, болашағына сеніммен қадам басқан ел. Ел ішіндегі татулық пен қоғамдық келісім – Отанымыздың ең үлкен байлығы, ең асыл мұрасы.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *