Шымкенттің Абай, Қаратау және Тұран аудандарында санитарлық тазалық пен көгалдандыру бағытындағы жүйелі жұмыстар қарқын алды. Бұл шаралар қаланы таза ұстаумен қатар, тұрғындарға жайлы өмір сүруге мүмкіндік береді.

Жұмысқа 100-ден астам қызметкер мен 21 арнайы техника жұмылдырылды. Тазалық жұмыстары Асар, Шымсити, Қайнарбұлақ, Бозарық шағын аудандарында жүргізілді. Сонымен қатар, Бәйдібек би даңғылы, А2 айналма жолы, Түркістан және Темірлан тас жолы қамтылды. Арғынбеков, Жиделібайсын, Сырым батыр, Бәйтереков секілді негізгі көшелер де тазаланды. Аталған аумақтар толықтай санитарлық жұмыстармен қамтылды. Арық-атыздар тазаланып, нәтижесінде 4 450 метр ирригациялық жүйе қалпына келтірілі. 149 тонна қоқыс сыртқа шығарылды.
Тазалық жұмыстары түнгі ауысымда да жүргізілді. Көгалдандыру бағытында да айтарлықтай іс атқарылды. 78 маманның күшімен Тұран шағын ауданы, Жаңа терминал аумағы, Сквер-1 және Асар ауруханасының айналасында көгалдар қырқылып, шөп шабу жұмыстары жүргізілді. Бұл — қаланың жасыл келбетін сақтап, экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған маңызды бастама.
Қала тазалығы тек көшелермен шектелмей, қоғамдық орындарға да жетті. Сыпырған ата, Сейхун, Жантөре ата және Алматы көшелеріндегі 90 аялдама мен А.Байтұрсынов, Ғ.Мұратбаев, Д.Қонаев, Б.Момышұлы ескерткіштері жуындырылып, жаңаша кейіпке енді.
«Тазалық пен тәртіп қатар жүргенде ғана қалада өркениет орнайды. Шымкент әкімдігі қолға алған бұл бастамалар – жай сөз емес, жүйелі жұмыстың нәтижесі. Қала тынысын ашатын мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады», – дейді мамандар.
Бұл жұмыстар тек әсемдік үшін емес, қала тұрғындарының тазалық пен гигиена талаптарына сай ортада өмір сүруі үшін де маңызды.