Шымкент қаласы елімізде қолға алынған «Кітап оқитын ұлт» республикалық жобасына ресми түрде қосылды. Бұл туралы қала әкімі Ғабит Сыздықбеков өзінің Instagram парақшасында жариялады. Жоба – тек мәдени бастама ғана емес, ұлттық сана мен интеллектуалдық әлеуетті нығайтудың маңызды қадамы ретінде бағаланып отыр.

Аталған бастама Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің төрағасы, «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошановтың бастамасымен іске қосылған. Ал пилоттық аймақтар ретінде Шымкент қаласы, Қарағанды және Қостанай облыстары белгіленді.
Жоба аясында тек кітапханаларда емес, мектептерде, қоғамдық орындарда, жұмыс орындарында да кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, кітаппен байланысты түрлі креативті форматтағы шаралар ұйымдастыру көзделіп отыр. Мұның барлығы жастардың да, ересектердің де оқуға деген ынтасын арттыруға бағытталады.
Әкім өз жазбасында:
«Шымкент – тарихы терең, мәдениеті бай, білім саласының дәстүрі қалыптасқан қала. Сондықтан дәл осындай маңызы зор жобаның біздің шаһарда жүзеге асуы – заңдылық. Кітап – тұлғаны қалыптастырып, ойды өсіретін құндылық. Әрбір шымкенттікті осы игі іске атсалысуға шақырамын», – деп жазды.
Жоба аясында келесі номинациялар бойынша байқау өтеді:
• «Кітап оқитын мектеп»
• «Кітап оқитын колледж»
• «Кітап оқитын университет»
• «Кітап оқитын педагог»
• «Кітап оқитын мемлекеттік қызметкер»
• «Кітап оқитын әулет»
Барлық қатысушы 15 кітап оқып, өз санатына сай байқауға қатыса алады. Жеңімпаздарға арнайы марапаттар мен сыйлықтар табысталады.
Жобаны «AMANAT» партиясы мен «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры бірлесіп жүзеге асыруда.
Бас демеуші – ALAGEUM ELECTRIC компаниясы.
Байқау шарттары туралы толық ақпарат қала әкімдігінің ресми сайтында жарияланады.