Шымкент қаласы әкімдігінің қосымша грант иегерлері анықталды

Шымкент қаласы әкімдігі 2025–2026 оқу жылына арналған жоғары білімді кадрларды даярлау мақсатында мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде қосымша білім гранттарын бөлді.

Бұл бастама – елдегі білім беру саласын қолдау және еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандар тапшылығын азайтуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі.

Биыл Шымкент қаласы әкімдігі тарапынан еліміздің жоғары оқу орындарында білім алуға 285 грант бөлінген болатын. Осы гранттар бойынша өткізілген негізгі конкурс нәтижесінде 207 талапкер әкімдік грантының иегері атанды.

Олар медицина, педагогика, инженерия және басқа да маңызды салалар бойынша білім алып, болашақта ел игілігіне еңбек ететін мамандар қатарын толықтырады деп күтілуде.

Алайда, конкурс қорытындысы бойынша 78 грант иесіз қалған. Бұл орындарға талапкерлер тарапынан өтінім түспеуіне байланысты Шымкент қаласының білім басқармасы қосымша конкурс жариялады.

Ерекше атап өтерлігі – бұл конкурсқа Шымкент қаласынан ғана емес, еліміздің өзге өңірлерінен де талапкерлер қатыса алды. Бірақ басты талап – үміткерлер Шымкент қаласында кемінде 3 жыл тұрақты жұмыс істеуге жазбаша келісім беруі тиіс болды.

Қосымша конкурс нәтижесінде тағы 38 талапкер мемлекеттік білім грантына ие болып, жоғары білім алу мүмкіндігіне қол жеткізді. Олар алдағы оқу жылынан бастап білім алуды бастайды және кейіннен Шымкент қаласында кәсіби қызмет атқарады деп жоспарлануда.

Өкінішке қарай, қалған 40 грантқа да өтінім түспегендіктен, бұл орындарға бөлінген қаражат жергілікті бюджетке қайтарылатын болды.

Бұл бастама жастарға білім алуға кеңінен мүмкіндік беріп қана қоймай, өңірдің кадрлық әлеуетін арттыруға, болашақта сапалы мамандар даярлауға ықпал етеді. Сонымен қатар, өзге өңір жастарына да Шымкент қаласында білім алып, еңбек етуге жол ашып отыр.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *