Президенттің 2024 жылғы Жолдауы елімізде цифрлық экожүйенің қалыптасуына серпін берді

«Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамытуға баса назар аударуды тапсырды. Президент «Электронды үкімет» платформасына жасанды интеллект технологияларын енгізуді жеделдету қажеттігін атап өтті. Осыған байланысты Үкімет цифрлық шешімдер мен ЖИ технологияларын экономикалық өсімнің негізгі құралы ретінде қарастырып, оларды барлық салаға енгізу жұмысын күшейтті.

Цифрлық трансформация нақты нәтижесін беруде

2021 жылдан бері елімізде цифрлық трансформация аясында мемлекеттік органдар жұмысы айтарлықтай оңтайландырылды. Нәтижесінде басқару сапасы артып, азаматтар мен бизнеске көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігі артты.

Мәселен, көлеңкелі экономикадан 28 миллиард теңгеден астам қаржы заңды айналымға шығарылып, бюджеттен 13 миллиард теңге үнемделді. Жалпы тиімділік 51,3 миллиард теңгені құрады. Мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі 20 есеге қысқарып, әкімшілік және сыбайлас жемқорлық кедергілері азайды.

Цифрлық үкіметті қолдау орталығы құрылып, бизнес-процестерді қайта жобалау арқылы қызметтерді автоматтандыру күшейтілуде. Проактивті сервистер енгізіліп, азаматтың қатысуын қажет етпейтін қызмет көрсету модельдері кеңінен қолданыла бастады.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, Қазақстан цифрландыру бойынша әлемнің 193 елі ішінде 24-орында, ал онлайн қызметтер индексі бойынша үздік он елдің . Бүгінде мемлекеттік қызметтердің 92 пайызы онлайн форматта қолжетімді.

Азаматтарға арналған сервистер: жылдам, тиімді, ашық

Президент Жолдауындағы тапсырмалар аясында азаматтарға арналған (G2C) цифрлық сервистер белсенді дамып келеді. Бұл шешімдер халықтың уақытын үнемдеп, ашықтық пен ыңғайлылықты қамтамасыз етуде.

Электронды медициналық анықтамалар мен еңбекке жарамсыздық парақтары толығымен цифрландырылды. Бұл көлеңкелі экономиканы 7,5 миллиард теңгеге қысқартып, бюджетке 450 миллион теңге үнемдеуге жол ашты.

Телемедицина жүйесі 1,5 миллион қызмет түрін қамтып, халықтың 13 миллиард теңгеден астам қаражатын үнемдеуге мүмкіндік берді.

Мектеп пен балабақшаға қабылдау процесі автоматтандырылып, тиімділігі 46 пайызға артты. Бұрын бес күнге дейін созылатын оқушыны басқа мектепке ауыстыру бүгінде бір күн ішінде жүзеге асады.

Мұғалімдердің біліктілігін арттыру мерзімі үш айдан екі аптаға дейін қысқарып, 119 миллион теңге үнемделді.

Колледжге қабылдау онлайн жүйеге көшіп, құжаттарды өңдеу уақыты бес күннен 30 минутқа дейін қысқарды.

ЖОО-ға қабылдау, жатақханаға орналасу, емханаға тіркелу және әскери есепке тұру бір платформа арқылы онлайн жүргізілуде.

ҰБТ электронды сертификаты енгізіліп, бюджеттен 83 миллион теңге, ал ата-аналар мен талапкерлерден 300 миллион теңгеден астам қаржы үнемделді.

Еурохаттама жүйесі енгізіліп, жол-көлік оқиғаларын полициясыз тіркеуге мүмкіндік берілді. Сақтандыру төлемі бұрынғы 40 күннің орнына 5 күнде төленеді. Тиімділік – 516 миллион теңге.

Атқарушылық іс жүргізу автоматтандырылды. Істер автоматты қозғалып, хабарламалар SMS арқылы жіберіледі. Бұл жыл сайын 2 миллиард теңге үнемдеуге сеп болды.

Цифрлық сенімхат енді бейнебайланыс арқылы рәсімделіп, азаматтар үшін қолайлы әрі тиімді форматқа көшті.

«Әлеуметтік әмиян» жобасы – әділеттіліктің цифрлық көрінісі

Мемлекеттік қолдауды нақты әрі әділетті жеткізу мақсатында «Әлеуметтік әмиян» жобасы іске қосылды. Бұл жүйе мектептердегі тамақтануды бақылау мен есеп жүргізуге арналған тиімді құралға айналып отыр.

Бүгінде:

2369 мектепте тегін және жеңілдікпен тамақтану қамтамасыз етілген;

3950 мектепте ыстық тамақ беруді есепке алу үшін «Бизнес әмиян» жүйесі жұмыс істейді.

Министр Жаслан Мәдиевтің айтуынша, бұл жүйе тіркеу процесін жойып, бюджеттің тиімді әрі мақсатты жұмсалуын қамтамасыз етеді. Қазіргі таңда жоба ел аумағындағы барлық мектептерде кеңінен енгізілуде.

«Біз әлеуметтік салада цифрлық шешімдерді енгізіп жатырмыз. «Әлеуметтік әмиян» жобасы – тегін тамақпен қамтамасыз етуді қадағалауға, тіркеуді алып тастауға және бюджет қаражатын тиімді жұмсауға мүмкіндік береді. Бүгінде бұл құрал еліміздің барлық мектебінде енгізіліп, кеңейтілуде», — деп толықтырды Жаслан Мәдиев.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *