Білім күні Zhanibekov University-де жоғары деңгейде аталып өтті

Білім күні мерекесі Шымкенттегі Өзбекәлі Жәнібеков атындағы педагогикалық университетінде салтанатты түрде аталып өтті. «Түркістан» сарайында ұйымдастырылған шараға  жаңа оқу жылын бастаған мыңға жуық  студент  қатысты.

Шараның шымылдығы қоғам қайраткері, ағартушы Өзбекәлі Жәнібеков туралы арнайы дайындалған деректі фильммен ашылды.  Танымдық фильм жас ұрпаққа тарихи тұлғаның өмірі мен еңбегі жайлы терең мағлұмат берді.

Салтанатты жиында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек сөз сөйлеп, ұстаздар мен студенттерді мерекемен құттықтады. Сонымен қатар, қала әкімдігі тарапынан бөлінген 22 арнайы білім грантының иегерлеріне сертификаттар табыс етті.

Әкімдік қолдауына ие болған студенттердің қатарында биыл алғаш рет студент атанған Айкен Мақсатқызы да бар. Арман жолына нық қадам басқан жас білімгер өзіне артылған сенімге сай болуға уәде берді.

Университет Басқарма мүшесі, стратегиялық даму және әлеуметтік істер жөніндегі проректор Баршагүл Исабек оқу орнының өткені мен бүгіні, алдағы мақсаттары туралы кеңінен тоқталып, жаңа оқу жылының ерекшеліктеріне назар аударды.

Мереке аясында ҚР Конституциясы күніне орай «AMANAT» партиясы мүшесі болып табылатын бірқатар ұстаздар Алғыс хатпен марапатталды. Ал бірінші курс студенттеріне салтанатты түрде «Білім кілті» табысталды. Бұл дәстүр білімге жасалған алғашқы қадамның маңызын арттырып, студенттік өмірге жауапкершілікпен қарауға үн қосты.

2025–2026 оқу жылында Zhanibekov University-не 3 мыңға жуық талапкер қабылданды. Оның ішінде 2400-ден астамы бакалавриатқа, 296-сы магистратураға, 40-ы докторантура бағдарламасына қабылданған. Биылғы білім алушылардың қатарында 1196 «Алтын белгі» иегері мен 285 үздік аттестат иегері бар.

Бүгінде университет қабырғасында 40 бакалавриат, 22 магистратура және 13 докторантура бағдарламасы жүзеге асуда. Оқу орнында 80 мыңға жуық студент білім алуда. Оқытушылар құрамының 52 пайызы ғылыми дәрежеге ие. Атап айтқанда, 18 ғылым докторы, 373 ғылым кандидаты және 31 PhD дәрежелі маман бар.

Университет еліміздегі жоғары оқу орындары арасында жалпы рейтинг бойынша 8-орынды иеленсе, педагогикалық бағытта 2-орында тұр.

Мерекелік жиын соңы университет өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Студенттер ән шырқап, би билеп, жиналған қауымға жағымды әсер қалдырды.

Zhanibekov University – білім мен тәрбиені, ғылым мен жаңашылдықты ұштастырған оқу орны ретінде жаңа оқу жылын тың серпінмен қарсы алды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *