«Білімді ұрпақ – елдің ертеңі. Олардың саналы тәрбиесі мен сапалы білімі – Қазақстанның келешектегі кемелдігіне кепіл», – деген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзі елімізде білім саласына ерекше серпін беріп, өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына жағдай жасауға жол ашты. Соның жарқын үлгісі – Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты №2 Оқушылар сарайы.

2023 жылдың 1 тамызында өз жұмысын бастаған бұл мекеме – заманауи қосымша білім берудің жаңа форматы. Сарай бір мезетте 500-ге жуық оқушыны қабылдап, түрлі бағыттағы үйірмелермен қамтуға мүмкіндік береді.
Мекеме аумағында футбол, баскетбол, волейбол алаңдары, балалар ойын алаңы мен жазғы спорт кеңістігі бар. Ал 2026 жылы пайдалануға берілетін жабық спорт ангарында балалар қыс мезгілінде де спортпен айналыса алады. Бұл нысан «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен салынды.
Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға да барлық жағдай жасалған: пандустар, тактильді жолақтар, Брайль жүйесі, арнайы лифт пен санитарлық тораптар орнатылған. Сондай-ақ, қауіпсіздік үшін бет тану жүйесі бар турникеттер, бейнебақылау, өртке қарсы дабыл және автоматты сөндіру жүйесі енгізілген.
№2 Оқушылар сарайы ғылыми-техникалық бағыттағы үйірмелерімен ерекшеленеді. Мұнда ІТ, робототехника, 3D модельдеу, биотехнология және химия-биология зертханалары Германиядан әкелінген құрал-жабдықтармен жарақталған. Балалар арасында гидропоника (топырақсыз өсімдік өсіру) үйірмесіне сұраныс жоғары.
Қазіргі таңда мекемеде 2675 бала 16 түрлі спорт үйірмесіне қатысады. Жүзу бассейндерінде 810 бала мен 182 ерекше оқушы жаттығуда. Бұған дейін қалада қосымша білім беру ұйымдарында бассейн болмағанын ескерсек, бұл – үлкен жетістік.
Сонымен қатар, тележурналистика, мобилография, фото-видео монтаж үйірмелеріне қатысқан оқушылар республикалық және жергілікті БАҚ-қа мақалалар жариялап, телебағдарламалар жүргізіп жүр. Жыл басынан бері олардың 40-қа жуық материалы «Ұлан», «Шымкент келбеті», «Ақылдым» сынды басылымдарда жарық көрді.
Жаз мезгілінде ашылған «QYZYQ LIFE» жазғы алаңы аясында түрлі спорттық жарыстар, ұлттық ойындар, викториналар мен шығармашылық байқаулар өтті. Бұл балалардың жазғы белсенді демалысын тиімді ұйымдастыруға үлкен үлес қосты.