Бүгін Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінде қала әкімінің орынбасары әрі әкімдіктің ресми өкілі Сәрсен Құранбек Мемлекет басшысының тапсырмаларының орындалу барысына арналған баспасөз мәслихатын өткізді. Брифинг барысында ол білім, әлеуметтік қолдау, тұрғын үй және цифрлық қызметтер бойынша атқарылған ауқымды жұмыстарды тілге тиек етті.

Сәрсен Абайұлының айтуынша, 2025 жыл — Жұмысшы мамандықтар жылы аясында қалада 150-ге жуық түрлі форматтағы іс-шара ұйымдастырылып, оған 13 мыңнан астам колледж студенті мен 5 мыңға жуық мектеп оқушысы қатысты. Жастармен тікелей жұмыс істеген 117 кәсіпорын бұл бастаманы қолдап, еңбекке баулу процесіне атсалысты.
Сонымен қатар, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде Шымкентте 12 жаңа мектеп пайдалануға беріліп, түгелдей жергілікті атқарушы органның теңгеріміне өтті. Биылғы жылы 9 мектеп пен 1 балабақшада күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Білім беру ұйымдарындағы эстетикалық орта да назардан тыс қалмаған. «Адал азамат» бағдарламасы аясында мектептерді бірыңғай дизайн-кодпен безендіру жұмыстары басталды.
Әлеуметтік қолдау бағытында да ауқымды шаралар іске асуда. Қалада 132 мыңнан астам оқушыны тегін ыстық тамақпен қамтуға бюджеттен 13,5 миллиард теңге бөлінді. Бір оқушының бір күндік тамағына орта есеппен 677 теңге қарастырылған. Бұл балалардың денсаулығы мен оқу үлгерімін жақсартуға бағытталған маңызды бастама.
Мектепке дейінгі білім беру саласында да тың өзгерістер бар. Қазір бұл салада ваучерлік қаржыландыру жүйесі толық цифрландырылып, INDIGO24.KZ платформасы арқылы балабақшаға қабылдау мен кезек ашық түрде жүргізілуде. Бұл жүйе ата-аналарға балабақша қызметін бақылауға мүмкіндік беріп қана қоймай, жеке ұйымдар арасында бәсекелестікті арттыруға жол ашты.
Қазіргі таңда Шымкенттегі 638 балабақшада 70 мыңнан астам бүлдіршін тәрбиеленуде.