Zhanibekov University мен Қытай университеті қос дипломдық бағдарлама іске қосады

Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық әріптестік аясында ғылым және жоғары білім саласында тың серпіліс жасалды. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 30 тамыз – 3 қыркүйек аралығында Қытай Халық Республикасына жасаған ресми сапары барысында Zhanibekov University мен Қытайдың беделді Xi’an International Studies University арасында қос дипломдық білім беру бағдарламасы туралы келісімге қол қойылды.

Мәміле Қазақстан-Қытай Іскерлік кеңесінің алаңында рәсімделді. Іс-шараға Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Zhanibekov University Басқарма төрағасы-ректор міндетін атқарушы Әлібек Нұртаев, ғылыми жұмыстар және инновациялар жөніндегі проректор Ержан Керімбеков қатысты.

Келісім аясында 2026 жылдан бастап Zhanibekov University-де 6В02303 – Филология (қазақ және қытай тілдері) мамандығы бойынша қос дипломдық бакалавриат бағдарламасы іске қосылады. Жаңа жоба аясында студенттер:

Қазақстан мен Қытайдың жетекші жоғары оқу орындарында білім алады;

Оқу соңында екі елдің де мемлекеттік үлгідегі дипломын иеленеді;

Қазақ және қытай тілдерін кәсіби деңгейде меңгереді;

Халықаралық еңбек нарығында сұранысқа ие бәсекеге қабілетті маман атанады.

Бұл – Zhanibekov University тарихында алғашқы халықаралық қос дипломдық бағдарлама. Сонымен қатар, Қазақстан мен Қытай арасындағы ғылым мен білім саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған маңызды қадам болып отыр.

Zhanibekov University заманауи білім беру кеңістігінде халықаралық байланыстарды нығайтып, студенттерге жаһандық деңгейде білім алуға мүмкіндік жасап келеді. Алдағы уақытта мұндай бағдарламалар өзге де салаларда қолға алынбақ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *