Президент: «Қазақстан міндетті түрде цифрлық ел болуы керек»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің болашағы цифрлық дамумен тығыз байланысты екенін қадап айтты. Оның айтуынша, Қазақстан алдағы үш жыл ішінде толыққанды цифрлық мемлекетке айналуы тиіс. Бұл міндет күрделі болса да, одан басқа жол жоқ.
– Жұмысымыз қаншалықты күрделі болса да, біз міндетті түрде табысқа жетуіміз керек. Басқа жол жоқ. Себебі, бұл – еліміздің болашағы, халқымыздың тағдыры, – деді Президент.
Президент жаһандық деңгейде қарқын алып келе жатқан жасанды интеллект (ЖИ) технологиясы қоғамға, әсіресе жастардың өміріне тікелей ықпал етіп жатқанын атап өтті. Бұл өзгерістерге бей-жай қарау – болашаққа көз жұмып қараумен тең.
– Жасанды интеллектінің қарқынды дамуы қазірдің өзінде халықтың, әсіресе жастардың мінез-құлқы мен болмыс-бітіміне әсер етіп жатыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Цифрландыру бағытына серпін беру үшін Президент ең алдымен Цифрлық кодексті жедел қабылдау қажет екенін мәлімдеді. Бұл заң цифрлық даму мен жасанды интеллект саласындағы негізгі бағыттарды айқындайтын басты құжат болмақ.
– Бұл заңда цифрландыру үдерісінің негізгі бағыттары, соның ішінде жасанды интеллект, платформалық экономика, үлкен дерекқорларды пайдалану және басқа да мәселелер айқындалуға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің ұсынысы бойынша цифрлық даму ісін жүйелі түрде үйлестіретін жаңа құрылым – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру қажет. Бұл министрлік қазіргі құзырлы органның базасында жасақталады.
– Жаңа министрлікті Премьер-министрдің орынбасары деңгейіндегі маман басқаруы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұл бастама елдегі цифрлық трансформация үдерісін жаңа деңгейге шығарып, жасанды интеллект пен технологиялық даму саласындағы мемлекеттік саясатты күшейтуді көздейді.
Президенттің мәлімдемесі – еліміздің жаңа тарихи кезеңге аяқ басқанын көрсетеді. Қазақстан үш жыл ішінде цифрлық ел ретінде қалыптасып, заманауи технологияларды барлық салаға енгізуге міндетті.