Өскелең ұрпақтағы патриотизм – болашаққа деген шынайы ұмтылыс

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында жас ұрпақтың патриотизмі мен оның қоғамдағы маңыздылығына тоқталды.


Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінгі көкірегі ояу жастар отаншылдықты бұрынғыдан өзгеше түсінеді. Олар әсіредіншілдікті және асаұлтшылдықты қабылдамайды. Жастар үшін патриотизм – бұл жасампаздық пен жаңашылдықтың көрінісі.

«Жастар үшін елді сүю – халыққа пайдасы тиетін жаңалық ашу, жаңа істер бастау деген сөз. Олар Қазақстанды дамыған және көркейген мемлекет ретінде көргісі келеді. Заманауи технологияларды меңгеріп, халқымызды озық ойлы ұлттардың қатарына қосуға талпынады», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев өскелең ұрпақтың бойындағы патриотизмді болашаққа деген шынайы ұмтылыс деп бағалады. Бұл – қоғамдағы сананың өзгерісінің айқын көрінісі екенін атап өтті.

«Мен жастардың күш-жігеріне, дарындары мен біліміне сенемін. Біз төл тарихымызға құрметпен қарап, келешекте кім болатынымыз тек өз қолымызда екенін түсінуіміз керек», – деді Мемлекет басшысы.

Президент ғылым мен білімге ұмтылған, елін-жерін көркейтуге ниетті жастарға әрқашан қолдау көрсетілетінін айтты.

«Қолға алған ауқымды жұмыстарымыздың барлығы – жастардың жарқын болашағы үшін. Өскелең ұрпақ ертеңгі күні оның игілігін көріп, жалғастырады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы қазіргі жаһандық өзгерістерге жастардың тез бейімделе алатынын, оның ішінде жасанды интеллектінің маңыздылығын атап өтті.

Ұлы Абайдың: «Адамның адамшылығы ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» деген сөздерін келтіріп, Президент:

«Өркениетті әрі озық елдің заңы әділ, билігі білікті, ал азаматтары саналы және белсенді болады», – деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекет деңгейінде қабылданған шешімдердің ең басты өлшемі – халықтың тұрмысын жақсарту, экономиканы тұрақтандыру және әлеуметтік әділдік орнату екенін айтты.

«Осылайша, біз жаңа тұрпатты, мықты елге айналамыз. Қазақстан жан-жақты реформалардың арқасында дамудың даңғыл жолына түсіп келеді. Алда қарқынды жұмыс күтіп тұр. Біз бағдарымыздан айнымай, тек алға басуымыз керек», – деді Мемлекет басшысы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *