Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында аграрлық секторды дамытудың жаңа міндеттерін нақты көрсетті.

Президент:
«Елдегі азық-түлік нарығының импортқа тәуелділігін барынша азайту – Үкіметтің стратегиялық міндеті. Әрине, өзімізді өзіміз жүз пайыз қамтамасыз етуіміз мүмкін емес, бәлкім, оның қажеті де жоқ шығар. Бірақ нарықтағы қазіргі жағдайды айтудың өзі ұят. Бұған қоса, дәстүрлі ұлттық өнімдерімізді сыртқы нарыққа белсенді түрде таныту керек», – деді.
Бұл өте орынды әрі дер кезінде айтылған пікір. Себебі бүгінде еліміз аграрлық әлеуеті зор мемлекет бола тұра, кейде ең қарапайым азық-түлік түрлерін өзге елдерден сатып алып отырмыз. Бұл – экономикалық қана емес, стратегиялық қауіпсіздікке де тікелей әсер ететін мәселе.
Әсіресе қазіргі әлемдік тұрақсыздық жағдайында азық-түлікпен өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейін көтеру – әр мемлекеттің басты мақсатына айналып отыр. Сондықтан негізгі азық-түлік түрлерін ел ішінде өндіруді күшейту – ұлттық қауіпсіздіктің маңызды құрамдас бөлігі.
Бұдан бөлек, Президент Жолдауында ұлттық өнімдерді шетелдік нарыққа кеңінен таныту керектігі де баса айтылды. Бұл – ел экономикасын әртараптандырумен қатар, ұлттық брендімізді қалыптастыруға да жол ашады.
Мысалы, қымыз бен шұбат – бұл тек ұлттық сусын емес, денсаулыққа пайдалы биологиялық өнім. Қазірдің өзінде Еуропа, Оңтүстік Корея секілді елдерде қымызға қызығушылық артып келеді. Жылқы еті мен қой еті – табиғи әрі ерекше дәмімен ерекшеленетін таза өнімдер. Егер халал стандарттарына сай өңделсе, бұл өнімдер Таяу Шығыс елдерінде үлкен сұранысқа ие болар еді.
Сонымен қатар, сүт пен ірімшік өнімдері, әсіресе қазақтың құрт, сары май, ірімшігі – органикалық өнім ретінде халықаралық нарыққа шығуға лайық. Ал бал және бал өнімдері бойынша Қазақстан бүгінде Германия мен Жапонияға экспорт жасауда. Бұл бағытта да әлеует зор.
Ұлттық өнімдерімізді экспорттау – тек экономикалық табыс көзі ғана емес, сонымен қатар қазақ мәдениеті мен өмір салтын әлемге танытудың тиімді жолы.
Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар тек Ауыл шаруашылығы министрлігіне ғана емес, Үкімет деңгейінде бірнеше мемлекеттік органның бірлескен іс-қимылын талап етеді. Логистика, сапа стандарттары, маркетинг пен сыртқы сұранысты дұрыс бағамдау – осының барлығы аграрлық экспорттың нақты жоспары арқылы жүзеге асуы тиіс.
Қорытындылай келе, ұлттық өнімдерді шетелдік нарыққа шығару – елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып қана қоймай, Қазақстанды табиғи әрі сапалы өнім өндіруші мемлекет ретінде әлемге танытудың нақты жолы. Бұл – экономиканы да, ел имиджін де қатар көтеретін тиімді бағыт.