Оқушылар арасында «Қауіпсіздік сабақтары» өтті

Шымкент қаласындағы №9 мектепте «Қауіпсіздік сабақтары» атты жол қозғалысы ережелерін сақтау жөніндегі арнайы тәрбие сағаты ұйымдастырылды.  

Іс-шараны Шымкент қалалық полиция департаментінің өкілдері өткізді.

Бұл шараның негізгі мақсаты – оқушыларға жолда жүру мәдениетін үйрету, қауіпсіздік ережелерін саналы түрде сақтауға баулу және төтенше жағдайлардың алдын алу шараларымен таныстыру болды. Сабақ барысында жаяу жүргіншілерге арналған негізгі ережелер мен қозғалыс кезінде туындайтын түрлі қауіп-қатерлер жөнінде жан-жақты түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Оқушыларға жолда жүру ережелерін сақтау қажеттілігі күнделікті өмірмен байланыстыра отырып жеткізілді. Көрнекі мысалдар арқылы балалардың назарын нақты қауіпсіздік ережелеріне аударып, оларды өз өміріне және айналасындағы адамдардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырды.

Тәрбие сағатын полиция қызметкерлері – аға лейтенанттар Думан Қосбармақов пен Құдайберген Орынбаев, сондай-ақ полиция капитаны, инспектор Жандәулет Шахалак жүргізді. Өз саласының мамандары ретінде олар балаларға түсінікті тілмен, интерактивті форматта әсерлі ақпарат ұсынды.

Мұндай тәрбиелік мәні зор қауіпсіздік сабақтары Шымкент қаласының мектептерінде тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бұл игі дәстүр соңғы екі жылдан бері жүйелі түрде жалғасып, оң нәтижесін көрсетуде.

Мектеп ұжымы мен тәрбиешілердің пікірінше, осындай іс-шаралар оқушылардың құқықтық сауатын арттырып қана қоймай, олардың өмірлік дағдыларын қалыптастыруда да маңызды рөл атқарады. Ең бастысы – балалар жолда абай болуды, тәртіпті сақтауды және өз өмірі мен өзгенің өміріне жауапкершілікпен қарауды үйреніп келеді.

Айта кетейік, Шымкент қаласындағы  1352 білім беру мекемесінде  397 мыңнан астам оқушы білім алады. Оның ішінде 28 мыңға жуық бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *