Мемлекет басшысы бүгінгі халыққа арнаған Жолдауында бірқатар қоғамдық үдерістерге тоқталып өтті. Ол әрбір азамат мемлекетшіл, отаншыл болуы қажет екенін атап өтті. Бұл – жастар үшін аса маңызды қасиет.

Президент қазіргі жастар үшін патриотизмнің басты көрсеткіші – жасампаздық пен жаңашылдық екенін де айтты. Өз ісінің шебері, адал кәсіп иелері Қазақстанды дамыған, көркейген мемлекет ретінде көргісі келеді.
Жалпы, өскелең ұрпақтың бойындағы патриотизм – болашаққа деген шынайы ұмтылыс. Қазіргі уақытта жоғары жетістіктерге қол жеткізуге әрбір азаматтың мүмкіндігі бар. Ол үшін адал еңбек етіп, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру қажет.
Президент: «Сондықтан ғылым-білімге ұмтылған, елін-жерін көркейтуді ойлаған жастарға әрдайым жан-жақты қолдау көрсете береміз. Біз қолға алған ауқымды жұмыстың бәрі жастардың жарқын болашағы үшін жасалып жатыр. Өскелең ұрпақ ертең соның игілігін көреді, оны еселеп, лайықты жалғастырады», – деді.
Расында, қазіргі таңда азаматтардың жетістікке жету жолында барлық жағдай жасалған. Оларға тек адал еңбек ету – басты міндет.
Біз ел абыройын асқақтату мақсатында еңбек еттік. Әлем чемпионаттары мен Азия ойындарында жүлдегер атандық. Қазіргі уақытта шәкірт тәрбиелеп, жастардың спорттан өз жолын табуына және жоғары жетістіктерге жетуіне бағыт-бағдар беріп келеміз. Ендігі кезекте біз бағындырған биікті жас ұрпақ жалғастыруы тиіс. Ортақ мақсаттарға осылайша бірге қол жеткіземіз.
Жастар – еліміздің ертеңі ғана емес, бүгінгі дамудың да қозғаушы күші. Сондықтан олардың бойында табандылық, жауапкершілік және елге қызмет етуге деген ынта болуы аса маңызды. Уақыт талабына сай бейімделген, білікті әрі рухы биік ұрпақ қана Қазақстанды жарқын болашаққа бастай алады.
Біржан ЖАҚЫПОВ,
ҚР еңбек сіңірген спорт шебері