Орталық Азия елдері арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтудағы Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі

Бүгін Шымкент қаласында «Орталық Азия елдері арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтудағы Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Бұл алқалы жиынның негізгі мақсаты – Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық келісім мен татулықты нығайтудағы тәжірибесін ортаға салып, Орталық Азия елдері арасындағы ынтымақтастықты дамытудың жаңа мүмкіндіктерін айқындау болды. Жиын барысында ұлтаралық достықты сақтау ісінде қалыптасқан үлгілер сараланып, мемлекетаралық қарым-қатынастың жаңа бағыттары талқыланды.

Шараның шымылдығын «Дўстлик» этномәдени бірлестігінің төрағасы Икрамжан Хашимжанов ашты.

«Қазақстан халқы Ассамблеясы – татулықтың темірқазығы. Ол Орталық Азия халықтары арасындағы достыққа да берік көпір бола білді», – деді «Дўстлик» этномәдени бірлестігінің төрағасы Икрамжан Хашимжанов.

Жиын барысында Қазақстан халқы Ассамблеясының өңірлік интеграцияны дамытудағы орны, жас ұрпақтың рухани-адамгершілік құндылықтарын қалыптастырудағы рөлі, сондай-ақ ғылым мен білім саласындағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелері кеңінен талқыланды. Сонымен қатар Өзбекстан, Қырғызстан және басқа да көршілес мемлекеттердің этносаралық келісімді нығайту тәжірибелері ортаға салынды.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ассамблеяның ХХХІІ сессиясында бейбітшілік пен келісімді нығайту жөнінде нақты міндеттер жүктеген болатын. Бүгінгі конференция – сол міндеттердің нақты жүзеге асу үлгісі», –  деді ҚР Президенті Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының сектор меңгерушісі Қайрат Баймолдинов.

Баяндамашылар атап өткендей, Орталық Азиядағы этнос өкілдерінің бірлігі – өңірлік тұрақтылықтың басты тірегі. Қатысушылар мәдени-гуманитарлық байланыстарды тереңдету, елдер арасындағы әріптестікті нығайтудың тиімді жолдарын ғылыми тұрғыда қарастырды.

Конференцияның қорытынды бөлімінде қатысушылар өзара пікір алмасып, бірқатар ұсыныстар мен бастамаларды ортаға салды.

 «Ұлтаралық келісім – ел дамуының басты кепілі. Қазақстанның бұл бағыттағы тәжірибесі – бүкіл Орталық Азия үшін үлгі бола алады», – деді Өзбекстаннан келген сарапшы Фармон Тошев.

Осылайша, Шымкент төрінде өткен бұл халықаралық конференция татулық пен достықтың алтын көпіріне айналып, Орталық Азия мемлекеттері арасындағы ынтымақтастықтың жаңа белесін айқындады. Ұлы Даланың рухани кіндігінде бастау алған бұл басқосу – бейбітшілікке бастайтын бірліктің айқын көрінісі болды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *