Елімізде «Дүниежүзілік тазалық күні» аясында кең ауқымды экологиялық акция өтті. Бұл бастама қоршаған ортаны қоқыстан тазарту, тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру және табиғатты аялауға үндеуге бағытталды.

Аталған игі іске Шымкент қаласы да белсенді түрде қатысты. Қала аумағында өткен жалпықалалық сенбілікке мыңдаған қала тұрғындары, жастар, еріктілер, мемлекеттік мекемелер, түрлі ұйымдар мен білім беру орындарының өкілдері атсалысты.
Тазалық жұмыстары қала аумағының барлық бөлігінде таңертең ерте басталып, ұйымшылдықпен жүргізілді. Атап айтқанда, Мангелдин көшесі №32-34, Конституция өткелі және Отырар шағынауданындағы №58 және №58/1 үйлер аумағында өткен сенбілікке жергілікті тұрғындар мен мекеме қызметкерлері белсенді қатысты.
Әл-Фараби ауданында 937 адам мен 14 арнайы техника жұмылдырылып, нәтижесінде 22,2 тонна қоқыс шығарылды. Ағаш бұтақтары кесіліп, көгал шөптері шабылды, көшелер мен қоқыс алаңдары жуылды.
Еңбекші ауданында сенбілікке 11 792 адам мен 66 техника тартылып, 58 тонна тұрмыстық қалдық жиналды. Сенбілік әлеуметтік нысандарды, өндірістік аймақтарды және барлық мекемелерді қамтыды.
Қаратау ауданында 968 адам мен 18 техника жұмыс істеп, 32,9 тонна қоқыс шығарылды.
Тұран ауданында 13 957 адам мен 54 техника тартылып, 60 тонна қоқыс тазартылды. Қатысушылар қатарында 5230 тұрғын, 1000-нан астам студент, 115 әлеуметтік нысан мен 212 кәсіпкерлік құрылым бар.
Дүниежүзілік тазалық күніне орай Шымкент қалалық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Шымкент – таза қала!» атты кең ауқымды акция өткізілді. Іс-шара барысында Маятас елді мекенінде 200-ге жуық белсенді жас тазалық жұмыстарын жүргізіп, қоқыс жинауға атсалысты.
Жалпықалалық сенбілік барысында тек қоқыс жинаумен шектелмей, ағаштарды санитарлық кесу, шөп шабу, көгалдандыру, сырлау, аула мен көшелерді жуу, абаттандыру және жөндеу жұмыстары да жүргізілді.
Жалпы, қаладағы барлық аудандарда өткен сенбілікке он мыңдаған адам қатысып, жүздеген тонна қоқыс шығарылды. Қала тұрғындары тазалықты сақтау – әрбір азаматтың міндеті екенін нақты іспен дәлелдеді.
Шымкент қаласы әкімдігі экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы мұндай іс-шараларды алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғастыра бермек. Сонымен қатар, қала билігі барлық тұрғындарды, еріктілерді, кәсіпкерлер мен ұйымдарды туған қаланың тазалығы үшін бірлесе әрекет етуге шақырады.