Шымкент қаласында «Бейнелеу өнері саласындағы көркемдік және кәсіптік оқытудың заманауи тәсілдері» атты халықаралық семинар өтті.

Семинар бейнелеу өнері мен дизайн саласында еңбек ететін отандық және шетелдік мамандар үшін тәжірибе алмасудың тиімді алаңына айналды. Жиынға Қазақстанмен қатар, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Ресей елдерінен келген педагогтар, суретшілер мен зерттеушілер қатысты.
Семинар аясында өнер және кәсіптік білім беру саласындағы инновациялық технологиялар, арт-терапия, дәстүрлі және заманауи оқыту әдістері тақырыптарында баяндамалар ұсынылды. Сонымен қатар қатысушылар кәсіби шеберлік пен креативті ойлаудың рөлін арттыруға бағытталған тәжірибелік жұмыстармен де танысты.
Іс-шараға қатысушылар қатарында:
- Шарафходжаева Шарифа Эркиновна – Өзбекстан Суретшілер одағының мүшесі, «5+1» заманауи өнер тобының өкілі (Ташкент қ.);
- Кишварзода Томирис Абдурашидовна – Тәжікстанның Душанбе қаласындағы Бейнелеу өнері және дизайн кафедрасының оқытушысы;
- Кушбакова Акинай Алантаевна – Қырғызстан, Ош мемлекеттік университетінің Педагогика, өнер және журналистика институты, Дизайн кафедрасының аға оқытушысы;
- Гильманова Ляйсан Ирековна – Ресейдің Уфа қаласынан келген Суретшілер одағы мен Халықаралық педагог-суретшілер қауымдастығының мүшесі.
Семинар жұмысына сонымен қатар Ә. Қастеев атындағы өнер және дизайн колледжінің арнайы пән оқытушылары да белсенді атсалысты. Олар отандық бейнелеу өнері біліміндегі әдістемелік ізденістер мен оқу процесін жаңғыртуға қатысты өз тәжірибелерімен бөлісті.
Іс-шараны Шымкент қаласы Білім басқармасының Әдістемелік орталығы, Ә. Қастеев атындағы өнер және дизайн колледжі және А.С. Пушкин атындағы қалалық әмбебап кітапханасы бірлесіп ұйымдастырды.
Семинар — елдер арасындағы кәсіби байланыс пен мәдени диалогты нығайтуға ықпал ететін маңызды алаң ретінде бағаланды.