ҰЭМ Арнайы салық режимін қолданушылар тізімін талқылауға шығарды

ҚР Ұлттық экономика министрлігі жаңа Салық кодексі шеңберінде Үкімет қаулыларының жобасын ұсынып отыр.

Қазақстанда арнаулы салық режимін (АСР) қолдануға рұқсат етілген және тыйым салынған қызмет түрлерінің тізбесі қайта қаралуда. Құжаттар Салық кодексінің 718 және 723-баптарын жүзеге асыру мақсатында әзірленіп, қоғамдық талқылауға шығарылды.

Жеңілдетілген декларация негізіндегі АСР дегеніміз не?

АСР — бұл шағын бизнес үшін салық есептілігін оңтайландыратын режим. Ол қазіргі жеңілдетілген декларация мен бөлшек салық элементтерін біріктіреді.

Кімдер бұл режимді қолдана алмайды?

Жаңа ұсынылған тізімге сәйкес, жеңілдетілген салық режимін қолдануға келесі бизнес субъектілеріне тыйым салынбақ:

жылдық табысы 600 мың АЕК-тен (2,36 млрд теңге) асатын компаниялар;

жарғылық капиталының 25%-дан астамы басқа заңды тұлғаға тиесілі ұйымдар;

бірнеше АСР субъектісінің құрылтайшысы немесе қатысушысы болып табылатын тұлғалар;

коммерциялық емес ұйымдар;

арнайы экономикалық аймақтар мен «Астана Хаб» қатысушылары;

бірлескен қызмет шартымен жұмыс істейтін салық төлеушілер.

Сонымен қатар, ірі бизнеске жататын салалар да бұл режимнен шеттетіледі. Атап айтқанда:

құрылыс,

жер қойнауын пайдалану,

көтерме сауда,

телекоммуникация,

интернет пен IT,

қаржылық және сақтандыру қызметі,

кәсіби консалтинг пен агенттік қызметтер,

ғылыми зерттеулер және т.б.

Жалпы алғанда, 1111 ЭҚЖЖ (Экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктемесі) бойынша 795 қызмет түріне шектеу қойылады. Бұл ЭҚЖЖ-ның 70%-ына әсер еткенімен, нақты салық төлеушілерге шаққанда – тек 30%-ы ғана.

АСР кімдерге сақталады?

Жаңа жүйе бойынша тұрғындарға қызмет көрсететін шағын бизнес иелері үшін 300-ге жуық қызмет түрі жеңілдетілген режимде қалдырылады. Олардың қатарында:

2000 шаршы метрге дейінгі бөлшек сауда (дәріханалар, азық-түлік дүкендері);

интернет және пошта арқылы сату, желілік маркетинг;

қонақүй, тамақтану, көлік, тұрғын үй жалға беру;

жеңіл өнеркәсіп, тамақ өндірісі;

жолаушылар тасымалы;

балабақша, қосымша білім беру, медициналық және әлеуметтік қызмет;

шаштараз, тігін, ұсақ жөндеу жұмыстары;

шығармашылық қызмет, мәдениет, спорт;

ауыл шаруашылығы саласындағы қызметтер.

Нәтижесінде, барлық салық төлеушілердің шамамен 70%-ы жеңілдетілген режимді пайдалануды жалғастырады.

Үлкен бизнеске – жалпыға бірдей режим

Ірі кәсіпкерлер мен жоғары табысты компаниялар жалпыға бірдей салық режиміне көшеді. Алайда, жылдық айналымы 40 млн теңгеден аспайтын салық төлеушілер ҚҚС төлеуден босатылады.

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға не өзгереді?

Жаңа ұсыныс бойынша, ай сайынғы табысы 300 АЕК-ке дейін, жұмыскер жалдамайтын, ЖК (жеке кәсіпкер) ретінде тіркелмеген тұлғаларға арнаулы салық режимін пайдалануға рұқсат беріледі. Бұл санатқа 46 түрлі қызмет түрі кіреді, атап айтқанда:

аяқ киім жөндеу;

фотосурет қызметтері;

такси қызметі;

сұлулық салондары;

үй жинау;

компьютер, тұрмыстық техника жөндеу;

жалға беру қызметтері;

жеке оқыту мен шығармашылық үйірмелер, спорт сабақтары және т.б.

Құжаттармен қалай танысуға болады:

АСР қолдануға тыйым салынған қызмет түрлерінің тізбесі:
legalacts.egov.kz/npa/view?id=15606668

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға АСР қолдануға рұқсат етілген қызмет түрлерінің тізбесі:
legalacts.egov.kz/npa/view?id=15606691

Бұл өзгерістердің басты мақсаты – салық жүйесін әділ әрі ашық ету, шағын бизнесті қолдау, және жосықсыз салықтық артықшылықтарды шектеу. Жеңілдетілген салық режимі шын мәнінде шағын кәсіпкерлер үшін сақталады, ал ірі ойыншылар заңға сай салық төлейтін болады.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *