«Даналық көпірі» жобасы – ел бірлігін нығайтуға бағытталған бастама

Шымкент қаласында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен «Даналық көпірі» атты интерактивті кездесулер өтуде.

Аталған жобаның басты мақсаты – Ақсақалдар кеңесі, мемлекеттік органдар және қоғам арасындағы сындарлы диалогты нығайту, әлеуметтік мәселелерді шешу жолдарын айқындау, жастарды азаматтық белсенділікке тарту және олардың көшбасшылық қабілеттерін дамыту.

Алғашқы кездесулер Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінде және Қаратөбе тұрғын алабындағы №96 жалпы орта мектебінде өтті. Ал бүгінгі шара Шымкент қалалық Политехникалық колледжде ұйымдастырылды. Алдағы кездесулер М.Өтебаев атындағы жоғары жаңа технологиялар колледжі мен «Достық үйінде» жалғасын табады.

Кездесуге ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің «Қоғамдық келісім» РММ сарапшылары – Ержан Ибраев пен бас сарапшы Ботакөз Жарқынбекқызы арнайы іссапармен келді.

Сондай-ақ басқосуға Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар кеңесінің мүшесі, медицина ғылымдарының докторы Иманалы Байдаулетов, ҚХА Ақсақалдар кеңесі төрағасының орынбасары Батырбек Жалмұрзаев, Аналар кеңесінің мүшелері қатысты.

Жиын барысында жастардың азаматтық белсенділігін арттыру, қоғамдық келісім мен бірлікті сақтау, әлеуметтік мәселелерді шешудің тиімді жолдары кеңінен талқыланды.

– Қоғамның дамуы ең алдымен жас буынның белсенділігіне байланысты. «Даналық көпірі» – аға буын мен жастар арасындағы алтын көпір. Ақыл мен тәжірибені жастарға жеткізу – біздің басты парызымыз. Бүгінгі жастар – ертеңгі елдің тірегі. Олардың ойы тың, көзқарасы жаңа. Біз осы кездесулер арқылы жастарды қоғам мәселесіне бейжай қарамай, белсенді азаматтық ұстаным қалыптастыруға ынталандырамыз, – деді сарапшы Ержан Ибраев.

Оның айтуынша, жобаның негізгі мақсаты – жастарға қоғамдық келісім мен бірлік құндылықтарының мәнін ұғындыру, Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін кеңінен таныстыру. Сонымен қатар, діни немесе этникалық сипаттағы теріс ағымдар мен жат көзқарастардан жастарды сақтандыру, әлеуметтік желілердегі арандатушылық әрекеттерге жол бермеу мәселелері де кеңінен сөз болды.

– Мұндай келеңсіз әрекеттер қоғам тұтастығына нұқсан келтіреді. Сондықтан татулық пен сыйластықты сақтау – баршамыздың ортақ міндетіміз, – деп түйіндеді сөзін Ержан Ибраев.

Кездесу барысында қатысушылар өзара пікір алмасып қана қоймай, нақты ұсыныстар әзірлеп, олардың жүзеге асу жолдарын талқылады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *