Шымкент қаласында Еңбек күніне орай «ТЭЦ-3 Энергоорталық» кәсіпорнында мерекелік іс-шара өтіп, тынымсыз еңбегімен қаланың дамуына үлес қосып жүрген еңбек майталмандары марапатталды.

Мереке аясында зауыт бөлімдері мен цехтарына экскурсия ұйымдастырылып, қатысушылар өндірістік үдерістер мен ұжымның күнделікті жұмысы жайлы кеңінен мағлұмат алды. Қонақтарға кәсіпорынның тыныс-тіршілігін «3-Энергоорталық» АҚ Кәсіподақ ұйымының төрағасы, Химиялық цехтың бастығы Талғат Қалдыкөзов таныстырды.
Іс-шара барысында Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Айгүл Әмзеева құттықтау сөз сөйлеп, еңбек адамдарының қоғамдағы рөліне тоқталды.
– Еңбек – елдің дамуы мен берекесінің негізі. Бүгінгі мереке – қарапайым еңбек адамдарының қажырлы қызметіне көрсетілген құрмет. Сіздердің әрбір табанды қадамдарыңыз қаламыздың өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосуда. Ұжымдағы бірлік пен өзара сыйластық – ең үлкен байлық. Баршаңызға мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге табыс тілеймін, – деді Айгүл Әмзеева.
Салтанатты жиынға Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, этномәдени бірлестіктердің төрағалары, кәсіпорын басшылығы мен қызметкерлері, сондай-ақ мекеме ардагері, ҚХА жанындағы түрік этномәдени бірлестігінің мүшесі Қыдырәлі Насибов қатысты.
Мерекелік жиын барысында өндіріс саласында ұзақ жылдар бойы адал еңбек етіп жүрген қызметкерлерге алғыс хаттар табысталып, олардың еңбегі лайықты түрде бағаланды.
«ТЭЦ-3 Энергоорталық» ұжымы үшін Еңбек күні – бірлікті нығайтып, еңбектің қадірін арттыратын ерекше күн. Бұл – әр қызметкердің өз ісіне деген мақтаныш сезімін оятып, жаңа жетістіктерге жетуге ынталандыратын мереке ретінде жыл сайын жоғары деңгейде аталып өтеді.