Шымкент қаласында Мемлекеттік кірістер департаментінде арнайы жиын өтті. Жиынға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, мемлекеттік органдардың өкілдері және тиісті құрылымдық бөлімшелер қатысты. Күн тәртібінде – қалалық бюджеттің табыс базасын кеңейту және қосымша кіріс көздерін анықтау мәселелері сөз болды.

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков өз сөзінде тұрақты әрі теңгерімді кіріс көздерінің стратегиялық маңызын атап өтті. Себебі бюджет қаражаты қаланың инфрақұрылымдық дамуымен қатар, әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асырудың негізгі тетігі саналады.
Соңғы екі жылда бұл бағытта айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілген. Атап айтқанда, Шымкенттің жергілікті бюджеті 239 млрд теңгеге ұлғайып, 895 млрд теңгеге жеткен. Оның 496 млрд теңгесі – қаланың өз кірісі. Ал бюджеттік дербестік деңгейі 46%-дан 56%-ға дейін өсіп, республикалық трансферттерге тәуелділік айтарлықтай төмендеген. Бұл өз кезегінде қаланың қаржылық тұрақтылығының артқанын көрсетеді.
Кеңес барысында 2026–2027 жылдарға арналған кешенді іс-шаралар жоспары жан-жақты талқыланды. Құжатта кіріс түсімдерін қамтамасыз ету, салықтық әкімшілендіруді жетілдіру, жаңа кіріс көздерін айқындау және бюджет процесінің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға бағытталған нақты шаралар қамтылған.
Жиын қорытындысында қала әкімі жауапты тұлғаларға кірістердің толық және уақтылы түсуін қамтамасыз ету бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар шағын және орта бизнес субъектілерімен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, оларды нақты қызмет көрсететін орын – Шымкент қаласы бойынша салық төлеуші ретінде қайта тіркеу қажеттілігін жеткізу жүктелді.
Өз кіріс базасын ұлғайту – Шымкенттің әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларын қарқынды жүзеге асыруға, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға мол мүмкіндік береді.