Түркістан облысында RC Cola брендімен сусын өндіретін жаңа зауыт ашылды

Түркістан облысы тағы бір ірі инвестициялық жобамен толықты. Түлкібас ауданының Күмісбастау ауылында АҚШ-тың әлемге әйгілі RC Cola брендімен жұмыс істейтін «Beibars Bottlers» компаниясының заманауи сусын өндіру зауыты іске қосылды.

Ауыз су мен алкогольсіз сусындар өндіруге маманданған кәсіпорын өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып, 100-ге жуық жергілікті тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтыды.

Жаңа өндіріс орны неміс және италиялық технологиялар негізінде жабдықталған. Су 170 метр тереңдіктегі ұңғымалардан алынып, көпсатылы экологиялық таза жүйе арқылы тазартылады. Сапасы АҚШ пен Италияның жетекші зертханаларында тексерістен өткен.

Зауыттың ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, жобаның ел экономикасы мен өңір дамуына қосар үлесін атап өтті.

– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлікті дамыту мен инвестиция тартуды негізгі басымдық ретінде белгілеген. Бұл жоба – сол міндеттердің нақты орындалуының айғағы. Енді басты мақсат – сапалы өнім шығарып, оны сыртқы нарыққа шығару, – деді аймақ басшысы.

Іс-шараға «RC Cola International» компаниясының өкілі Фрэнсис Лампера, «Freedom Bank» басқарма төрағасы Гүлфайруз Ахметова және жобаның инвесторы, «Beibars Bottlers» құрылтайшысы Амангелді Нұров қатысты.

Кәсіпорынға 9 млрд теңге көлемінде инвестиция салынған. Зауыт жылына 120 мың тоннаға дейін өнім шығарып, Қазақстанмен қатар көрші елдерге экспорттауды жоспарлап отыр. Инфрақұрылымды дамыту мақсатында мемлекет тарапынан 705 млн теңгеге электр желісі, 240 млн теңгеге кәріз жүйесі, 25 млн теңгеге газ құбыры тартылған.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *