Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев бүгін кезекті рет жеке қабылдау өткізіп, кезектілік тәртібімен жазылған өңір тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Жалпы 22 адам қабылдауға жазылып, оның 20-сы қатысып, өз талап-тілектерін жеткізді.

Қабылдауға Сарыағаш, Отырар, Жетісай, Төлеби аудандарының, сондай-ақ Шымкент пен Түркістан қалаларының тұрғындары келді. Азаматтар білім, жұмыспен қамту, әлеуметтік қолдау және инфрақұрылым салалары бойынша мәселелерді көтерді.
Мәселен, бір тұрғын жұмыс істеген кезеңдегі жалақысын ала алмауына шағымданса, енді бірі мектеп формасын алу жайын айтты. Сонымен қатар мектептің атауын өзгерту, мамандығы бойынша жұмысқа орналасу, оқушыларға ыстық тамақ ұйымдастыру, ауыз су тапшылығы сияқты түйткілдер көтерілді.
Білім саласындағы заңсыздықтар жөнінде де айтылып, әлеуметтік көмек алу мәселелері қаралды. Бұдан бөлек, психологтарға арналған оқыту бағдарламасын ұйымдастыру жөнінде ұсыныс білдірілді.
Барлық арыз-шағымды мұқият тыңдаған облыс әкімінің орынбасары тұрғындардың сұрақтарына заң аясында нақты жауап беріп, көтерілген мәселелер бойынша тиісті басқармалар мен сала басшыларына жедел шешім қабылдауды тапсырды.
Осылайша тұрғындармен ашық диалог орнатылған қабылдау барысында бірқатар мәселе шешімін тапты. Қабылдауға облыстық басқарма басшылары мен өкілдері қатысып, өтініштердің оң шешілуіне атсалысты.
Айта кетейік, жыл басынан бері облыс әкімінің орынбасары тарапынан жеке қабылдаулар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Алдағы уақытта да мұндай қоғамдық қабылдаулар жалғасын табады.