Республика күні мен Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның 35 жылдығына орай Шымкент қаласында «Терең тарихтан – жарқын болашаққа!» атты республикалық пікірсайыс турнирі басталды.

Еліміздің білімді де белсенді жастарын бір алаңда тоғыстырған ауқымды зияткерлік сайыстың ашылу салтанаты жоғары деңгейде өтті. Шараға Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы Құранбек арнайы қатысып, жас пікірсайысшыларға табыс тілеп, олардың ел болашағы жолындағы белсенді көзқарасы мен азаматтық ұстанымының маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, ол пікірсайыс мәдениетінің жастар арасында сыни ойлау дағдысын қалыптастыруға, ашық қоғам құруға үлкен үлес қосатынын жеткізді.
Турнирге еліміздің 9 өңірінен – Астана мен Алматы қалаларынан, сондай-ақ Түркістан, Қызылорда, Ақтөбе, Қарағанды, Жамбыл және Батыс Қазақстан облыстарынан келген 120-дан астам команда қатысуда. Олар әртүрлі форматтағы пікірталас айналымдарында білімін, логикалық ойлау қабілетін, шешендік шеберлігін және аналитикалық дағдыларын көрсетіп, өзара бақ сынауда.
Жарыстың әділ әрі кәсіби деңгейде өтуі үшін Шымкент қаласындағы үш жоғары оқу орнынан іріктелген тәжірибелі пікірсайысшылар мен пікірсайыс қозғалысының аға буын өкілдері төрелік ету жұмысына тартылған. Жалпы саны 70-ке жуық кәсіби төреші турнирдің ашықтық, бейтараптық және жоғары стандарттар талаптарына сай өтуін қамтамасыз етуде.
Пікірсайыс барысында қаралатын қарарлар қоғамдағы өзекті және көпшілік талқылайтын маңызды мәселелерді қамтиды. Қатысушылар технология, демократия, құқықтық мәдениет, білім беру жүйесі, жастар саясаты секілді бағыттар бойынша өз ой-пікірін ортаға салып, түрлі көзқарастарды саралап, аналитикалық тұжырымдар жасайды. Бұл жас буынның қоғамдық сана-сезімін қалыптастыруға, күрделі мәселелерге жан-жақты көзқараспен қарауға мүмкіндік береді.
Екі күнге жоспарланған республикалық пікірсайыс турнирі ертең өз мәресіне жетіп, жеңімпаздар мен жүлдегер командалар анықталатын болады. Шара қорытындысында үздік дебатерлер марапатталып, оларға арнайы сыйлықтар мен дипломдар табысталмақ.