Биыл Шымкентте газдан улану деректеріне талдау жасалып, прокуратурамен бірлескен нақты жұмыс алгоритмі әзірленді. Соның нәтижесінде жапырақты диаграмма негізінде қауіп деңгейі жоғары және тәуекел аймақтары анықталды. Бұл жөнінде қала әкімінің орынбасары, әкімдіктің ресми өкілі Сәрсен Құранбек мәлімдеді.

Қызыл аймаққа кіретін «Самал-3», «Ақжайық», «Нұрсәт», «Күншығыс», «Қайтпас», «8 шағын аудан» және «Спорт» аумақтарында, сондай-ақ тәуекел аймағына жатқызылған бірнеше шағын аудандарда мақсатты профилактикалық шаралар өткізілуде. «Шымкент қалалық газ техникалық қызметі» мекемесінің мамандары тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қауіпсіздік жадынамаларын таратты. Тексеру кезінде 2 025 абоненттің үйішілік газ құрылғылары техникалық талаптарға сай келмейтіні анықталып, тиісті мәліметтер «QAZAQGAZ AIMAQ» компаниясына жолданды.
Қауіпсіздік мақсатында 230 үй уақытша газ жүйесінен ажыратылды, 1 795 үйде жұмыс жалғасуда. Адам өміріне қауіп төндіретін ақаулар анықталған 810 абоненттің газ жүйелері кемшіліктер жойылғанша өшірілді.
Газ пайдалану ережесін бұзғандарға қатысты әкімшілік шара да күшейді:
• ҚР ӘҚБтК-нің 306-бабы бойынша 73 тұлғаға 1 млн 30 мың теңге айыппұл салынды;
• 305-баппен 11 адамға жалпы 304 мың теңге айыппұл өндірілді.
Қалалық газ техникалық қызметі тұрғындарды тұрмыстық газ жабдықтарын уақытылы тексертіп, қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады.
Мамандардың айтуынша, алдын алу жұмыстары жыл соңына дейін жалғасады және қауіпті аймақтарда бақылау күшейтіледі. Газ жүйелерін ретке келтіру бойынша кешенді шаралар жүргізілуі тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Қала әкімдігі газбен байланысты төтенше жағдайлардың алдын алу — ортақ жауапкершілік екенін еске салды.