Шымкентте «Медиация – татулық тірегі» форумы өтуде

Шымкент қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай ұйымдастырылған «Елдесу және татуласу» жобасы аясында «Медиация – татулық тірегі» атты форум өз жұмысын бастады.

Екі күнге жоспарланған іс-шараның басты мақсаты – жергілікті медиаторлардың кәсіби тәжірибесін арттыру, этномедиацияның әлеуетін кеңінен дәріптеу және дау-дамайларды реттеудегі үздік тәжірибелік кейстермен бөлісу.

Форум жұмысына қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшылығы, қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, құқық қорғау органдары мен әділет департаментінің қызметкерлері, кәсіби медиаторлар, мектеп психологтары, ҚХА жанындағы қоғамдық құрылымдар мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты.

Іс-шараның ашылуында қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Заңғар Үсіпахметов сөз сөйлеп, форумның маңыздылығына тоқталды. Ол өз сөзінде этномедиацияны ұтымды пайдалану қоғамдағы татулық пен тұрақтылықты сақтауға елеулі үлес қосатынын атап өтті.

– Өркениетті қоғамның басты қағидасы – заңның үстемдігі мен құқықтың салтанат құруы. Медиация – тараптарды татуластырып, өнбес даудың өрбуіне жол бермейтін маңызды құрал. Мемлекет басшысының этномедиацияны дамыту ісін Қазақстан халқы Ассамблеясына жүктеуі – уақыт талабы, – деді Заңғар Нышанбекұлы.

Форумның алғашқы күнінде қатысушылар алдында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Абай облысы бойынша филиалының директоры, кәсіби медиатор Әсет Абжақов сөз сөйлеп, медиация саласындағы заманауи тәсілдер мен этномедиацияны дамыту жолдары жөнінде мазмұнды презентация ұсынды.

Сондай-ақ аталған академия өкілі, кәсіби медиатор Гүлжан Қожахметова қатысушыларға дау-жанжалды шешудің тиімді модельдері мен медиатордың кәсіби этикасы туралы тәжірибелік дәріс оқыды.

Айта кетейік, форумның екінші күні – 22 қазанда Шымкент қаласындағы Ж.Тәшенов университетінің «М.Байғұт атындағы студенттер үйі» ғимаратында жалғасады. Бағдарламаға сәйкес, кәсіби медиаторлар этномедиацияны дамытуға арналған тақырыптарда дәрістер оқып, тәжірибе алмасады. Форум соңында қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталады.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *