«Қамқорлық» орталығы білім басқармасына өтті

Бүгін Шымкент қалалық Өңірлік коммуникациялар қызметінде қала әкімінің орынбасары әрі әкімдіктің ресми өкілі Сәрсен Құранбек апталық дәстүрлі брифинг өткізді. Жиын барысында апта ішінде болған өзекті оқиғалар мен әлеуметтік желілерде көтерілген мәселелерге қатысты ресми ақпарат берілді.

Брифингте көтерілген маңызды тақырыптардың бірі – ерекше балаларға арналған «Қамқорлық» оңалту орталығының мәртебесі болды. Қала әкімінің орынбасарының мәліметінше, орталықтың басқару құрылымына қатысты сұрақтар толық шешімін тапқан.

Бұған дейін Шымкент қаласының әлеуметтік қорғау басқармасына қараған орталық биыл білім басқармасының қарамағына өтті. Бұл өзгеріске бірнеше нақты себеп әсер еткен.

Біріншіден, 2023 жылғы 17 қарашада Жоғары аудиторлық палата «Қамқорлық» орталығын Шымкент қаласы білім басқармасына өткізу қажет деген қорытынды шығарған.  Екіншіден, 2024 жылдан бастап әлеуметтік сала мекемелері лицензия негізінде жұмыс істеуге міндеттелді. Егер орталық әлеуметтік қорғау жүйесінде қалса, лицензиясыз жағдайда оның қаржыландырылуы тоқтатылар еді. Үшіншіден, орталық қызметкерлеріне беріліп келген 35 пайыздық үстемақыны сақтау үшін де басқару құрылымын өзгерту қажет болды. Себебі лицензия алғаннан кейін әлеуметтік қорғау жүйесінде бұл төлем қысқарады.

Қазіргі таңда «Қамқорлық» орталығында 147 бала тіркелген, оның ішінде 90-ға жуығы тұрақты түрде оңалту шараларына қатысып жүр. Барлық мамандар өз орындарында, орталықтың жұмысы қалыпты режимде жалғасуда.

Сәрсен Құранбектің айтуынша, басқару өзгерісімен қатар орталықтың қызмет аясы да кеңейе түскен. Бұрын қолжетімсіз болған кейбір оңалту қызметтері енді толық енгізіліп жатыр.

– Әрбір ерекше бала қоғамның тең құқылы мүшесі. Бір бала бірнеше орталыққа тіркеліп, ал басқа бала мүлде қамтылмай қалатын жағдайлар болмауы тиіс. Біздің міндет – әр балаға тең мүмкіндік жасау, – деді қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек.

Айта кетейік, 1 қарашадан бастап Шымкент қаласы білім басқармасы орталық қызметкерлеріне бұрынғы көлемде үстемақы төлеуді қайта бастайды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *