Ғабит Сыздықбеков: «Республика күні – ел бірлігі мен тәуелсіздіктің нышаны»

Шымкент қаласындағы «Қызғалдақ» сарайында Республика күні мен Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның 35 жылдығына арналған «Қыран елім – Қазақстаным» атты мерекелік іс-шара жоғары деңгейде өтті. Оған зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері мен қала тұрғындары қатысты.

Мереке ел тәуелсіздігі мен бірлігін ұлықтап, отансүйгіштік рухты көтерген ерекше күн ретінде аталып өтті.

Салтанатты жиында Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков ел дамуына үлес қосқан азаматтарға мемлекеттік және салалық марапаттар тапсырып, тұрғындарды Ұлттық мерекемен құттықтады. Ол өз сөзінде Республика күнінің тарихи маңызын атап өтіп, елдің өркендеуінде еңбектің және бірліктің рөлін ерекше айтты.

«Бүгін біз Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның 35 жылдығын атап өтудеміз. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде саяси және экономикалық жаңару кезеңі жүріп жатыр», — деді қала әкімі.

Ғ. Сыздықбековтің айтуынша, соңғы жылдары Шымкент экономикасы қарқынды дамып келеді. Қалада өндіріс, құрылыс және әлеуметтік салаларда нақты нәтижелер бар. Соңғы үш жылда 2 триллион теңгеге жуық инвестиция тартылып, 3 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілген. Қаланың бюджеті алғаш рет 895 млрд теңгеге жетіп, оның жартысы әлеуметтік салаға бағытталды.

Іс-шара барысында ел игілігі үшін еңбек етіп жүрген 40-тан астам азамат марапатталды. Оларға «Парасат», «Құрмет», ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордендері, сондай-ақ «Ерен еңбегі үшін» және «Шапағат» медальдары табысталды. Сонымен қатар бірқатар азамат «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», «Мемлекеттік қызмет ардагері» төсбелгілерімен, Президенттің Құрмет грамотасы және Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік» алтын медалімен марапатталды.

Марапат иелерінің бірі – мемлекеттік қызметте 40 жылдан астам еңбек еткен Бұхарбай Парманов «Құрмет» орденіне ие болды.

«Қызмет жолымыз елге адал қызмет етуге арналды. Республика күні – ел тәуелсіздігін нығайтып, бірлікке үндейтін ең маңызды мереке», — деді ол.

Сондай-ақ Қорғаныс министрлігінің Сабыр Рахымов атындағы әскери колледжі қызметкері Гүлмира Оспанова «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.


«Бұл марапат – бүкіл ұжым еңбегінің бағалануы. Қазір қалада он қоғамдық бірлестіктің басын біріктірген Ардагерлер комиссиясы жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру бағытында ауқымды жұмыстар атқаруда», — деді ол.

Кеш соңында рухты әндер мен патриоттық композициялар шырқалып, мереке ел тәуелсіздігін ұлықтаған көтеріңкі көңіл күймен аяқталды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *