Түркістанда Республика күні қарсаңында облыстық ардагерлер кеңесінің кезекті пленумы өтті.

Түркістанда Республика күні қарсаңында облыстық ардагерлер кеңесінің кезекті пленумы өтті. Жиында  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауын орындау барысы, сондай-ақ ұйымдық мәселелер қаралып, алдағы атқарылатын жоспарлар талқыланды.

Жиында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов, облыстық мәслихаттың төрағасы Нұралы Әбішов, Түркістан облысы прокурорының бірінші орынбасары Саян Келдібеков, пленум мүшесі Абдулла Ахметов, облыстық мәслихат депутаты Жанар Темірбекова және облыстық қоғамдық даму басқармасының міндетін атқарушы Болат Жанәбіл баяндама жасап, жастар тәрбиесі, өңірге инвестиция тарту, партиялардың рөлін арттыру, алдағы Парламент сайлауына дайындық барысы және «Заң және тәртіп» қағидаты бойынша кеңінен тоқталды.

Пленумға облыстық басқарма басшылары, зиялы қауым өкілдері, аудандық және қалалық «Әкелер мектебі» төрағалары мен «Әжелер алқасы» төрайымдары қатысты.

Облыстық мәслихаттың төрағасы Нұралы Әбішов өңірді өркендетудегі басты бағыттардың бірі – инвестиция тарту екенін атап өтті. Сондай-ақ бұл бағытта ардагерлердің атқаратын рөлі зор екенін айтты.

– Түркістан облысы инвестиция тарту бойынша республикада көш бастап тұр. Бұл өңірдің дамуына зор серпін береді. Жұмыс орындары көбейіп, халықтың әлеуеті артады. Алайда шетелдік және отандық кәсіпкерлерге деген оң көзқарас қалыптастыру – маңызды міндет. Бұл бағытта қариялардың, ардагерлердің ақыл-кеңесі мен елдікке үндеген сөздері үлкен рөл атқарады. «Қариясы бар елдің қазынасы бар» дегендей, еліміздегі игі істерді дәріптеп, келешек ұрпаққа үлгі болатын ардагерлер әрқашан құрметке лайық, – деді Нұралы Әлмаханұлы.

Пленум барысында өзге де баяндамашылар сөз сөйлеп, Жолдаудағы басым бағыттарға тоқталып, оны жүзеге асыруда ел болып жұмылып әрекет ету қажеттігін жеткізді. Маңызды басқосу соңында ел ағалары тарапынан елді бірлікке ұйыстыру және Жолдаудағы тапсырмаларды орындау бағытында жұмыс атқару жөнінде шешім қабылданды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *